Жел 17, 2021 14:05 Asia/Almaty
  • Қазақстанда студенттер арасында «Мен және Тәуелсіздік» тақырыбында эссе жазу конкурсы өтті

2021 жылы 14 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы 4-курс студенттері мен магистранттар арасында (араб, парсы, үнді және урду тілі топтары) Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Мен және Тәуелсіздік» үздік эссе конкурсын ұйымдастырды.

Конкурстың басты мақсаты студенттердің патриоттық сезімін арттыру және Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында төрт шығыс тілін (араб, парсы, хинди және урду) оқитын студенттердің шет тілде эссе жазу қабілетін көрсетуіне мүмкіндік беру болды. Үздік эссе конкурсына қатысқан 4-курс студенттері мен магистранттары өз эсселерінде еліміздің тәуелсіздік жолында бастан кешкен қасіретке толы тарихы және ата-бабаларымыздың жанқиярлық күресін баяндаған. Азаттық жолында күрескен бабалардың ерлігін, тәуелсіздікке жету тарихын және оны болашақ ұрпақтың ешуақытта ұмытпайтынын әсерлі және шебер тілмен жеткізе білген. Сонымен қатар еліміздің болашағы білімді де оттай жалындаған өнерлі жастардың қолында екендігін ерекше атап көрсеткен әрбір қатысушы еліміздің болашағын жарқынырақ ету үшін жан-жақты білім алып, аянбай еңбек етуге әрқашан дайын екенін шынайы баяндап, еркін ойларымен тәнті етті. Сонымен қатар үздік эссе конкурсына қатысушылар араб, парсы, хинди және урду тілдерін жеткілікті игергендігімен де, ойларын еркін жеткізе алатындығымен де ерекшеленді. Конкурсқа жіберілген эсселердің әрқайсысы үлкен марапатқа ие және бірінен-бірі асып түсетінін ерекше атап көрсеткен жөн.  

Үздік эссе конкурсының ережесіне сай әрбір шығыс тілінде (араб, парсы, хинди және урду) жазылған эсселерге жеке-жеке сыйлықтар тағайындалды. Нәтижеде жеңімпаз студенттер бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда бірінші дәрежелі дипломмен Анес Адилбеков (араб), Меруерт Кадирханова (парсы), Әсел Асан (хинди) марапатталса, екінші дәрежелі дипломмен Рахия Сабралиева (араб), Әйгерім Бөрібаева (парсы), Назерке Жарбосынова (урду) және үшінші дәрежелі дипломмен Салман Қазиев пен Бакизат Капенова (араб), Әйгерім Мұратова (парсы) және Урумова Тоғжан (хинди) марапатталды. Қорытындылай келе, ұйымдастырушылар алдағы уақытта да үздік эссе конкурсын дәстүрлі түрде өткізуге шешім қабылдады.

ҚазҰУ Шығыстану факультетінің ұстаздары мен студенттері

Дереккөзі: ҚазҰУ Шығыстану факультеті

Тегтер