Maм 14, 2021 23:23 Asia/Almaty

Израиль мен Палестина қарсыласу қозғалысы арасында «Сейф ул-Құдс» деп аталатын шайқастың басталғанына 4 күн болды. Израиль адам шығынын арттыру және қаланы бұзу тұрғысынан басым болып тұрса да, бұл соғыс Израильге тигізетін салдарларына байланысты осы режим үшін дабыл қоңырауы саналады.

Соғысқа қатысты бірінші жайт: Газа секторы тарапынан басып алынған жерлерге зымырандардың қалың тобы атылды. Израиль армиясы соғыстың алғашқы үш күнінде Газа секторы тарапынан басып алынған жерлердегі қалаларға 1500-ден аса зымыран атылғанын хабарлады. ХАМАС қозғалысының әскери тармағы «Изз ад-Дин аль-Кассам» батальонының баспасөз өкілі Абу Абида «Рамон» әуежайына қарай орта қашықтықта арналған «Айяш» зымыраны атылғанын хабарлады. Бұл зымыранның ұшу ұзақтығы 250 км, қирату қуаты жоғары. Осынша зымыран, олардың ұшу ұзақтығының артуы және қарсыласу қозғалысының ұзақ мерзімді  соғысқа дайын екенін жариялауы онда қару-жарақ қоймасы бар екенін білдіреді. Ал бұл жағдайда Газа 2006 жылдан осы күнге дейін жан-жақты қоршауда болған еді. Яғни қарсыласу қозғалысының топтары таңылған қоршауды өз-өзін әскери тұрғыдан қамтамасыз етуге пайдаланған. Бұл Израиль үшін ескерту болып табылады.

Соғысқа қатысты екінші жайт: 8 адам қаза тауып, ондаған адамның жаралануы және басып алынған жерлерде халықтың бункерлерге тығылуы атылған зымырандардың көбінің Израильдің «темір күмбезінен» өткенін көрсетеді. Яғни Израильдің қауіпсіздігін қорғау үшін орасан зор қаражат жұмсалып жарақталған «темір күмбез» тиімді емес.

Соғысқа қатысты үшінші жайт: Палестина қарсыласу қозғалысы бұрынғы соғыстарға керісінше соңғы қақтығыста Израильдің стратегиялық объектілеріне, соның ішінде әуежайларға соққы беру қабілетіне ие екенін көрсетті.

Палестина қарсыласу қозғалысы «Бен-Гурион» және «Рамон» әуежайларына зымыран ату арқылы олардың жұмысын тоқтата алды.

Соғысқа қатысты төртінші жайт: Құдс соғысында Палестина қарсыласу қозғалысы күштерінің тежегіш қабілеті басып алынған жерлерде тұмшаланып келген әлеуметтік дағдарыстардың бетін ашты. Шын мәнінде соғыс Израиль қоғамында болмыстық қайшылықтың туындауына себеп болды. Мұның өзі осы режимге қатерлі ескерту болып табылады.

Соғысқа қатысты бесінші жайт:  Израильде саяси тығырық одан ары жалғасуы ықтимал. Нетаньяху наурыз айында өткен сайлауда берілген 28 күндік мұрсатта Министрлер кабинетін жасақтай алмады. Сионистік режимнің басшысы Яир Лапидті кабинет құруға міндеттеді. Лапид «Раам» араб тізімімен кабинет құруға талпыныс жасады, бірақ бұл соғыс осы тізіммен альянс құру мүмкіндігін жойды. Қазіргі таңда соғыс Израильде саяси тығырықты ұзартып, Нетаньяхудың жеке мүдделерін қамтамасыз етуге ұласатын сыңайлы.

Тегтер