Қаң 18, 2022 00:22 Asia/Almaty
  • Иран Йемендегі қоршауды жою қажеттігін қуаттады

Иран Сыртқы істер министрінің аға кеңесшісі Әлиасқар Хаджи мен БҰҰ Бас хатшысының Йемен істері жөніндегі арнайы өкілі Ханс Грундберг телефон арқылы Йемендегі жаңа өзгерістер жайлы пікір алмасты.

Иран Сыртқы істер министрінің аға кеңесшісі осы сұхбатта Йемен халқының экономикалық блокада мен соғыстан туындаған аянышты да ауыр жағдайына тоқталып, БҰҰ мен халықаралық қауымдастықтан Йеменде соғыс пен қоршауды доғаруға шынайы талпыныс жасауды сұрады.

Әлиасқар Хаджи: «Йеменде зұлым қоршауды жою осы елдегі дағдарысты саяси жолмен шешудің бастамасы болады»,-деді.

Аймақ істері жөніндегі сарапшы Амин Мұхаммед Хатит Сауд Арабиясының  Йемен соғысында ауыр жеңіліске ұшырағанын жазып: «Сауд Арабиясы 2015 жылы Йеменге қарсы «Кесімді дауыл» атты соғыс бастады. Сауд үкіметі соғыстан көздеген мақсаттарын орындау жеңіл әрі тез болады деп ойлаған. Йеменнің мұнайы мен газы және Баб-эль-Мандеб пен Қызыл теңізді басып алуға бірнеше апта ғана қажет деп есептеді. Сауд Арабиясының  мансапқорлығы АҚШ пен Ұлыбританияның қысымымен нығая түсті. Саудиялықтар өздерін өте мықты санап, ешкім оларға төтеп бере алмайтындай сезінді»,-деді.

Осы қате есептеудің негізінде Йеменге қарсы басқыншылық жалғасты. Қарсыласу барысы көрсеткендей, соғыс созылған сайын Сауд Арабиясы өзінің әскери мақсаттарынан алыстай түседі. Йемен халқын қырып-жою және елді қоршау олардың ерік-жігерін мұқалтпайды. Саяси бақылаушылар мен тәуелсіз сарапшылардың сенімінше, осы тығырықтан шығу үшін 3 стратегиялық шешім жолы қажет:

Біріншіден, соғысты тоқтату және Йеменді қоршау мен шабуыл жасауды доғару.

Екіншіден, БҰҰ-мен тиісті әрекеттестік жасау.

Үшіншіден, йемендіктерге өз елінің тағдырын шешуге мұрсат беріп, құқықтарына құрметпен қарап, сенім білдіру.  

Сауд Арабиясының Йеменге жеті жылдық шабуылы кезінде болған оқиғалар – халыққа қарсы соғыс қылмыстары мен ұжымдық геноцид. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мәлімдеуінше, Йемен халқының жартысынан көбі қуаңшылық пен аштыққа ұшырап отыр. Бұл ел әлемдік деңгейде ең ауыр гуманитарлық дағдарысты бастан өткеріп жатыр.

ИИР-дің осы зұлым соғысқа қатысты ұстанымы – мәселені саяси жолмен шешу. Иран аймақта әсерлі саяси ойыншы ретінде осы бағытта өзінің барлық дипломатиялық әлеуетін пайдалануға дайын.