Жел 22, 2018 17:27 Asia/Almaty
  • Путин Батыс елдерінің Ресейге қарсы әрекеттерін қатаң сынады

Ресей мен батыс елдерінің қарым-қатынасы соңғы жылдары көптеген шарықтаулар мен құлдырауларды бастан өткерді. Қырым түбегінің Ресей территориясына қосылуы, ішкі істерге араласушылық пен Шығыс Украина оппозициясына қолдау көрсету арқылы Украина дағдарысының шиеленісуі сылтауымен соңғы төрт жылдың ішінде батыс елдерінің, әсіресе Еуропа одағы мен АҚШ-тың Ресейге қарсы санкция салуына, жалғасуы мен кеңеюіне куә болып отырмыз.

Бұдан кейін «Мәскеу 2016 жылғы АҚШ-тың президенттік сайлауына араласты» деген уәжбен 2017 жылдың тамыз айында АҚШ Кац заңы шеңберінде Ресейге қарсы ауқымды санкцияларының келесі кезеңін бастады. Сонымен қатар Ұлыбританиядағы бұрынғы ресейлік тыңшы Сергей Скрипальды уландыру оқиғасы батыстықтардың Мәскеуге қарсы тағы санкция жариялауына негіз болды.

Осы санкциялардың жиынтығы қазіргі уақытқа дейін Ресейге теріс салдарын тигізді. Ресейге қарсы бағытталған экономикалық және қаржылай санкцияларды қамтитын бұл санкциялар жиынтығы Мәскеудің де қарымта реакциясын тудырып, Ресейдің батыс елдерімен, әсіресе Еуропа одағы және АҚШ-пен сауда-экономикалық қатынастар деңгейінің күрт төмендеуіне себеп болды.

Басқа жағынан АҚШ президенті Дональд Трамптың бұл елдің орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімінен (INF) шығатынын мәлімдеп, Мәскеудің әлемдік деңгейдегі тұрақсыздық пен тынышсыздықтың артуына қатысты алаңдаушылығын арттыра түсті. Саясаттану пәнінің профессоры Сергей Роговтың пікіріне сәйкес, бүгінде Ресей мен АҚШ арасында жаңа "қырғи қабақ соғысы" жүріп жатыр. Мәскеу Еуропа одағының Ресейге қарсы санкцияларын дұшпандық сипаттағы негізсіз әрекет санайды.

Бұл мәселелерге Ресей президенті Владимир Путин жыл сайынғы баспасөз конференциясында ерекше назар аударды. Путинның көзқарасы бойынша, батыс елдерінің Ресейге қатысты дұшпандық әрекеттері, соның ішінде АҚШ-тың INF келісімінен шығуы текетірес пен тұрақсыздықтарды арттырып, көптеген зиян тигізгеннен басқа еш нәтиже бермеді. Путин АҚШ пен Ресей арасында ядролық соғыс туу ықтималына тоқталып: "Жағдайдың күрт шиеленісу қаупі маңызсыз болып көрініп, бұл мәселе мүмкін емес болып бағаланғанымен, егер соғыс басталатын болса, күллі өркениет пен бүкіл Жер шарының жойылуына соқтыруы мүмкін",- деп мәлімдеді. Путинның пікірі бойынша, қабілеті төмен ядролық қару-жарақтарды орнатып, пайдалануды қуаттайтын АҚШ-тың жаңа ядролық доктринасы ядролық қаруларды пайдалану бастамасын жақындатып, бұл іс әлемдік апатқа ұласуы мүмкін.

Сонымен қатар батыс елдерінің Ресейге қарсы ауқымды санкциялары да Путинның назарына ілініп, ол Ресейдің дамуына кедергі жасау бағытындағы қадам ретінде бағаланды. Осы мәселеге байланысты Путин былай деді: "Санкциялардың жалғыз мақсаты – Ресейдің дамуы мен өркендеуіне кедергі жасау. Себебі, кейбіреулер үшін Ресей шынайы бәсекелес саналады". Ресей президентінің сөзіне сәйкес, бұл ел тарихтың барлық кезеңдерінде шетелдік санкциялардың қысымында болған, санкциялар халықаралық бәсекелестің бір бөлігі саналған, сондықтан Ресей күшейген сайын көбірек санкцияға ұшырайды.

Қалай болғанда да ресейлік басшылардың бүгінгі таңда бетбе-бет келіп отырған шындығы мынадай: батыстықтар Ресейге қарсы ауқымды саяси, экономикалық, әскери және насихаттық жасырын әрекеттерді бастаған. Ондағы көздегендері – Мәскеуді әлсіретіп, оны батыс елдерінің жетегіне салу.

 

 

Тегтер

Сараптама