Ақп 21, 2019 19:54 Asia/Almaty

2017 жылдың қаңтар айында АҚШ-та Дональд Трамп билік басына келгеннен кейін Ресей мен АҚШ-тың қарым-қатынасы ушыға түсті. АҚШ Ресейге қарсы саяси-экономикалық және әскери салаларда қысым жасап келеді. Солардың бірі АҚШ-тың Ресеймен бәсекелесіп, әскери үстемдікке талпынуы болып отыр.

АҚШ Президенті Дональд Трамп 2018 жылдың 20 қазанында өз елінің орта қашықтыққа арналған ядролық күштер келісімінен (INF) шығатынын мәлімдеді. АҚШ-тың осы аса маңызды стратегиялық келісімнен шығудағы басты сылтауы оның баптарын Ресейдің бұзуы болды. Ресей АҚШ-тың осы шарасына реакциясында INF келісімін орындауды тоқтатты.

Осыған қатысты соңғы өзгерісте Ресей Президенті Владимир Путин сәрсенбі күні осы елдің Думасында сөз сөйлеп, АҚШ-қа бұрын-соңды болмаған ескерту жасап: «Ресейдің қару-жарағы ел қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда АҚШ-тың қысқа және орташа қашықтыққа арналған зымырандары орналасқан елдерді ғана емес, АҚШ-тың өз жерін де нысанаға алады»,-деп мәлімдеді. Ол, сондай-ақ, АҚШ зымырандары Еуропа елдеріне орналастырылған жағдайда Ресейдің бұл шараға қарымта жауап қайтаратынын да ескертті.

Ресейдің ең жоғары лауазымды тұлғасының мұндай қоқан-лоққысы Мәскеудің Вашингтонның қауіпсіздік саласында күн сайын артырып келе жатқан қатерлеріне қатаң қатынас көрсететінін аңдатып отыр. РФ Президенті АҚШ-тың орта қашықтыққа арналған ядролық күштер келісімінен шыққанына тоқталып, АҚШ-тың бір кездері зымырандық бағдарламаларымен әлемге үстемдік етуге талпынғанын, енді мұндай бағдарламалардан бас тартуы керегін айтты. АҚШ бұл келісімнен шыққан соң қысқа және орта қашықтыққа арналған баллистикалық және қанатты зымырандарды дамыту мен орнату қайта басталып қана қоймайды, Вашингтон бұл қаруларды қайтадан Еуропада орнатады деп болжауға болады. Бұл шараның Ресейдің қатаң реакциясына ұшырайтыны анық. Мұны Путин де өз сөзінде қуаттады.  

Мәскеу АҚШ INF келісімінен шығу арқылы қару-жарақты бақылау жүйесіне ауыр соққы жасады деп санайды. Мұндай шараның халықаралық стратегиялық қауіпсіздікте, басты кезекте Еуропаның қауіпсіздігінде ауыр да ауқымды салдарлары болады. Бұл перспектива еуропалықтарды қатты алаңдатып отыр.

АҚШ Ресейге қысым мен қоқан-лоққы жасауда жалғыз емес. НАТО ұйымы да осыған ұқсас қатынас ұстанып отыр. Ол да Вашингтон сияқты Ресейді INF келісімін бұзған ел санайды. Сондықтан Путиннің АҚШ-қа ғана емес, еуропалықтарға арнаған ескертуі НАТО-ның қатаң реакциясына ұшырады.

Ресей мен АҚШ-тың қару-жарақ келісімдері саласындағы текетіресінің жалғасуы «қырғи қабақ» соғысынан кейінгі кезеңде халықаралық алаңда бұрын‑соңды болмаған деңгейде тұрақсыздық пен сенімсіздіктің қалыптасқанын білдіреді.  

 

Тегтер

Сараптама