Ақп 16, 2020 22:40 Asia/Almaty
  • Зариф Батыс Азия аймағының қауіпсіздігі мен тұрақтылығының аймақ елдері тарапынан қамтамасыз етілуі қажеттігін қуаттады

"Теһран көрші елдердің қауіпсіздігін өзінің қауіпсіздігі санайды, сондықтан көршілердің барлығымен келіссөз өткізуге әзір".

Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысу үшін Германияға аттанған Мұхаммад Джавад Зариф сенбі күні кешке BBC-дің халықаралық бөліміне берген сұхбатында осы тақырыпқа тоқталып: "Теһран көрші елдермен қайшылықта болуды қаламайды",-деді.

Теһраның қауіпсіздік механизміне қол жеткізу үшін аймақ елдерімен әріптестік жасауға дайын екенін айтып: "Батыс Азияның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы аймақ елдері тарапынан қамтамасыз етілуі тиіс",-деді. Зариф Кувейт, Катар, Оман мен Ирактың Иранның Ормуз бұғазы мен Парсы шығанағының қауіпсіздігін сақтауға бағытталған "Ормуз бейбітшілігі" деп аталатын бастамаға оң жауап бергенін айтып: "Бірақ осы уақытқа дейін Сауд Арабиясы, БАӘ мен Бахрейннен жауап келмеді",-деді.

Зарифтің өткен жылдардағы Мюнхен қауіпсіздік конференцияларында сөйлеген сөздеріне шолу жасағанда Иранның сыртқы саясаты мақсатының аймақта қауіпсіздік орнату және нығайту екенін көруге болады.

Мюнхен қауіпсіздік конференциясы әлемнің қауіпсіздік саясаттары салаларында жұмыс жасағанымен, шешім қабылдайтын жер емес, онда тек пікірлер білдіріліп, ұстанымдар айтылады, кеңестер мен қосымша кездесулер өткізіледі. Онда жыл сайын маңызды жаһандық тақырыптар талқыланады. Биыл бұл конференция әлемде әртүрлі өзгерістер болып жатқан жағдайда өтті. Бұл өзгерістің басты өзегі – Батыс Азияның қауіпсіздік мәселесі. Батыс Азия – АҚШ-тың қате саясаттары салдарынан текетірестер, дағдарыстар мен түйткілдерге куә болып отырған аймақтардың бірі. Аймақта дағдарыстар тудыруда, әл-Каида мен ДАИШ сияқты лаңкестік топтарды құруда, аймақта соғыс отын тұтату, міндеттемелерді орындамау, халықаралық хаттамалардан шығу, дүниежүзілік еркін сауда мен жаһандық экономикада дағдарыс тудырудағы АҚШ-тың рөлі ашық та айқын.

АҚШ лаңкестікті қолдау арқылы Батыс Азияда тынышсыздықты арттырды. АҚШ-тың өткен бірнеше онжылдықта жүргізген қате саясаттары Дональд Трамптың бұл елдің аймаққа 7 трлн доллар жұмсағанымен нәтижеге жетпегенін мәлімдеуіне себеп болды. Әрине Трамп та осы қате жолды жалғастырды. Иран Сыртқы істер министрі сенбі күні Twitter-дегі жеке парақшасында АҚШ-тың NBC арнасына берген сұхбатында айтқан сөздерін келтіріп, "АҚШ Президенті Дональд Трамптың қате кеңестері оның қате шешімдер қабылдауына себеп болды" деп жазды.

Зариф: "Осындай қате шешімдердің салдарынан АҚШ әскерін Батыс Азия аймағынан шығару басталды. Қазір әлем АҚШ-тың аймаққа тынышсыздық әкелгенін білді. Иранның сыртқы саясатының мақсаты – аймақ елдерінің әріптестігімен қауіпсіздікті нығайту ",-деді.    

Иран Президенті Хасан Рухани БҰҰ Бас ассамблеясының жиналысында сөйлеген сөзінде  Иранның аймақтық және халықаралық ұстанымдарын баяндап, "Ормуз бейбіт бастамасы" немесе "Үміт коалициясы" атты жоба ұсынды.

Тәжірибе көрсеткендей, аймақта жан-жақты бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату үшін бір ұжымдық талпыныс жасалмайынша, бұрынғыдай қақтығыстар мен тынышсыздықтар жалғаса береді.   

Сараптама