Қаз 22, 2020 19:19 Asia/Almaty
  • Иранға қатысты жалған уәждер қайталануда

БАӘ үкіметінің сыртқы істер жөніндегі кеңесші-министрі Анвар Қарқаш Твиттердегі жеке парақшасында бірнеше жазба қалдырып, Иранды Батыс Азия аймағында сенімсіздік пен тынышсыздық тудырып отыр деп айыптады.

Өзара сенім тудырудың аймақта қауіпсіздік орнатудың басшы шарты екені күмәнсіз. Иран ешқашан  Батыс Азия аймағында басқыншы саясат ұстанбады, керісінше өзі немесе одақтастарын басқыншылықтан қорғады. Иран әскерилерінің Сирияда болуы толығымен қорғаныс сипатында, өйткені Сирия – ИИР-ның одақтастарының бірі. Сирия АҚШ, сионистік режим  мен кейбір араб елдерінің, әсіресе Сауд Арабиясы Мен БАӘ-нің қолдауына ие болып отырған лаңкестермен күресу үшін Иранды көмекке шақырды. Керісінше, Сауд Арабиясы мен БАӘ Батыс Азия аймағында Йемен еліне қарсы басқыншы саясат ұстанып, 6 жыл бойы шабуыл жасады. Бүгінде Йемен әлемдегі ең ірі адами апатпен бетпе-бет келіп отыр.   

Басқа жағынан Батыс Азия аймағындағы тынышсыздықтар кейбір араб елдерінің қауіпсіздікті сыртқы күштердің қолдауымен қамтамасыз етуге талпынуынан туындап отыр. Батыс алпауыттары, әсіресе АҚШ күштерінің аймақта болуы іс жүзінде кейбір елдердің немесе билеушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі мүмкін, бірақ аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды.

Батыс Азия аймағындағы тынышсыздықтардың тағы бір себебі – Израиль режимінің болуы. Израиль араб елдеріне көптеген соғыстарды таңумен қоса, АҚШ пен кейбір еуропалық елдердің қолдауымен Палестина жерін басып алды. Бүгінде Палестина жерінің 15 пайыздан аз жері осы ел халқының қолында. Араб елдерінің сионистік режиммен қарым-қатынастарын қалыптандыруы аймақтың қауіпсіздігін арттырмайтыны былай тұрсын, керісінше тынышсыздықтың күшеюіне себеп болады. Өйткені палестиналықтар сионистік режимнің қылмыстарымен күресуге белді бекем буып отыр.

Қорытындылай келгенде, Анвар Қарқаштың сөздеріне керісінше ИИР өзара сенім тудыруда әрдайым алғы шепте.  Алайда кейбір араб елдері «Иран араб елдерінің ішкі ісіне араласпауы керек» деген уәжбен қауымдық топтасу және Иранмен күресу үшін Израиль режимімен жақындасу арқылы өзара сенім тудыруға кедергі болып отыр.

Тегтер

Сараптама