Қар 24, 2020 23:10 Asia/Almaty
  • АҚШ-та билікті тапсыру үдерісі басталды

АҚШ-та президенттік сайлаудан 3 апта өткеннен кейін осы елдің Президенті Дональд Трамп билікті келесі үкіметке тапсыру үдерісін бастауға келісті.

Трамп Твиттердегі жеке парақшасында: «АҚШ-тың мүдделерін сақтау үшін Қоғамдық қызметтер кеңсесінің басшысы мен оның командасына және Ақ үйдің қызметкерлеріне президенттік лауазымды тапсыру үдерісіне қатысты протоколдық шараларды атқаруға бұйрық бердім»,-деп жазды. Бұған қарамастан, АҚШ Президенті келесі твиттерінде президенттік сайлау кезінде ауқымды заңбұзушылықтардың болғанын баса айтып, сайлауға қатысты арызының сотта қаралуын бақылайтынын айтты.

Мичиган штатының басшылары президенттік сайлауда Джо Байденнің Дональд Трамптан басым түскенін растағаннан кейін Дональд Трамп билікті тапсыруға келісті. Трамп Мичиганның республикашыл басшыларының дауыс санағы нәтижесіне қарсылық білдіретініне үміттенген еді. Мичиган, Пенсильвания, Джорджия немесе Аризона штаттарының республикашыл басшылары Трамптың президенттік сайлауда ауқымды заңбұзушылықтардың болғаны туралы уәжін жақтаған жағдайда АҚШ-тың келесі Президентін сайлау міндеті Өкілдер палатасына жүктелген болар еді және Трамп Ақ үйде қалуы мүмкін еді.

Трамптың АҚШ-тағы сайлаудың дұрыс өтпегені туралы баса айтқанына қарамастан,  Джо Байден өз кабинеті мүшелерінің, соның ішінде Сыртқы істер министрі, Ішкі қауіпсіздік министрі, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші, Ұлттық барлау басшысы, БҰҰ-дағы елші мен климаттық өзгерістер жөніндегі арнайы өкілдің есімдерін жариялады. Бұл адамдардың көбі Барак Обама үкімет басқарып, Джо Байден орынбасар болған кезде маңызды лауазымдарда қызмет атқарған.  

Байденнің президенттік лауазымдағы ең маңызды мәселесі АҚШ-тың іші мен сыртында ел үкіметіне сенімді қайтару болмақ.