Нау 07, 2021 23:06 Asia/Almaty
  • Украинаға әскери көмектер артқаннан кейін АҚШ мен Ресей текетіресі күшейе түсті

АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) Ресейге төтеп беру мақсатында Украинаға әскери құрал-жабдықтардың жаңа партиясын жіберуге шешім қабылдағанын хабарлады.

Пентагонның ақпарат өкілі: «АҚШ Қорғаныс министрлігі Украинаның қауіпсіздік істеріне көмектесу мақсатында құны 125 млн доллар тұратын жаңа партия жібереді. Бұл көмек Украинаға аумақтық тұтастығын сақтап, шекараларының берік сақталатынына сенімділік тудыру үшін қолданылатын болады»,-деді. 

Бұдан бұрын АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин Украина Қорғаныс министрі Андрей Таранмен телефон арқылы  сұхбаттасып: «АҚШ Украинаның Қарулы күштерін нығайтып, Ресейден қорғануға көмектесуді қалайды»,-деді. Остин АҚШ-тың Украинаға қару-жарақ жіберуіне келісетінін айтты. Украина осыдан біраз бұрын АҚШ-тан бірнеше миллион доллар тұратын әскери құрал-жабдықтар, соның ішінде сауытты көліктер, ұшқышсыз ұшақтар мен танкке қарсы зымырандар алатынын хабарлаған болатын.  

2014 жылы басталған Украина дағдарысы Ресей мен АҚШ қарым-қатынасында бетбұрыс нүктесі болып саналады. Вашингтон Украинаның батысшыл үкіметін қолдау сылтауымен соңғы 6 жылда Ресейге қарсы түрлі санкциялар салды. Санкциялардың басты сылтауы Қырым түбегінің Ресейге қосылуы және Мәскеудің Украинаның шығысындағы сепаратистік оппозиционерлерді қолдауы деп аталды. Вашингтон Украинаны Мәскеуге қысымды арттырудың құралы ретінде пайдаланады. Осы орайда Обама үкіметі, Трамп үкіметі және енді Байден үкіметі Украинаны әскери тұрғыдан нығайту қажеттігін баса айтып, оны ең дамыған қару-жарақтармен қамтамасыз етіп, осы елде әскер орналастырып, ақырында Украинаның НАТО-ға қосылуын қолдауды көздеп отыр.  АҚШ-тың әскери ұшақтары, соның ішінде В-52 бомбалаушы ұшақтары осы күнге дейін бірнеше рет әскери жаттығуларға қатысу сылтауымен Украина көгінде ұшты. Мұнымен қоса, Вашингтон Одесса айлағында бір кемежай салуға кірісіп кетті. 

Ал негізі Ресейдің ұлттық қауіпсіздік доктринасына сәйкес НАТО күштері, әсіресе АҚШ күштерінің Ресейге жақын елдерге, яғни бұрын Кеңес одағы құрамында болған елдерде орналасуы Мәскеудің қызыл сызығы саналады. Бұған қарамастан АҚШ-тың шаралары осымен шектелмеді. Вашингтон Украина мен Ресейдің арасын барынша алшақтатуға бар күшін салып жатыр. Мәскеу сан рет Вашингтонды Минск келісімінің беделін түсіріп, күшін жоюға талпынды деп айыптады. 2018 жылы Украинаның православ шіркеуі Ресейдің  православ шіркеуінен бөлінетінін жариялағаннан кейін Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров  бұл істің АҚШ-тың ашық та тікелей қолдауымен жүзеге асырылғанын мәлімдеді.

Байден үкіметі  АҚШ-тың бұрынғы барлық шараларымен қоса, Украинаға саяси қолдау көрсету және Ресейді әлсірету жолында жаңа қадам бастады.

АҚШ Президенті Джо Байден жуырда: «Вашингтон ешқашан Ресейдің Украинаға басқыншылық жасауын, Қырымның Ресейге қосылғанын қабылдамайды. АҚШ Ресеймен текетіресте Украинаның қасынан табылады»,-деп баса айтты.

Саяси сарапшы Томас Дивал: «Байден үкіметі Украинамен қарым-қатынасты Ресеймен жауластық бағытында дамытады. Вашингтонның Украинаға көмегі және Киевті көпжақты норман келісімінде және Ресеймен екіжақты келісімде қатаң ұстаным қабылдауға итермелеуі Ресей мен Украина қарым-қатынасының одан ары ушыға түсуіне себеп болады»,-деді.

АҚШ-тың жалпы мақсаты Мәскеу мен Киевтің байланысын барынша азайтып, Украинаны Батыс блогына қосуға жағдай жасау болып отыр.

Тегтер