Сәу 22, 2021 22:24 Asia/Almaty
  • Путин Батыс елдеріне бұрын-соңды болмаған ескерту жасады

Ресей Президенті осы ел Парламентіндегі екі палата өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Батыс елдеріне атқарып жатқан істеріне қатысты ескерту жасап: «Ресейге қарсы кез келген әрекетке реакция жылдам, кесімді әрі ассиметриялы болады»,-деді.

Путин Ресей мен Батыс арасындағы текетірестің жаңа кезеңіне және Вашингтонның Мәскеуге қарсы салған жаңа санкцияларына, Украина мәселесіне қатысты Ресейге қарсы әрекеттеріне тоқталып: «Біздің қауіпсіздігіміздің түбегейлі негіздеріне қатер төндіретіндер біздің реакциямызға бұрын сезінбегендей өкінетін болады»,-деді. Ол Ресеймен қарсыласып отырған елдерді «Жолбарыстың айналасындағы қорқаулар» деп атап: «Ресей өз мүдделерін халықаралық заңдар аясында қорғайды»,-деп ескертті. Ресей Президентінің Батыс елдері, әсіресе АҚШ пен оның НАТО-дағы еуропалық одақтастарына бұрын-соңды болмаған тікелей ескертуі Ресей мен Батыс арасындағы соңғы өзгерістерді, соның ішінде Украинаның шығысындағы дағдарысқа, Вашингтон мен кейбір еуропалық елдердің Мәскеуге тағы да санкция салуы және Ресейдің ішкі ісіне араласуына қатысты текетірестерді назарға ала отырып жасалды.

Халықаралық істер жөніндегі сарапшы Мұртаза Хансари: «АҚШ пен оның еуропалық одақтастарының стратегиясы – Ресейді қорғаныс қалпына келтіріп, санкциялардың шырмауына батыру, сөйтіп Еуразия мен Шығыс Еуропа аймағындағы геосаяси өзгерістерге көндіру»,-дейді.

Осы орайда АҚШ пен оның одақтастары «Украинаны қолдау» деген сылтаумен арандатушы әрекеттерді күн тәртібіне қойып, түрлі әскери құрал-жабдықтар жіберумен қоса, Батыс күштерін Украинаға жіберуге дайын екендерін айтты.

НАТО-ның кейбір мүшелері, соның ішінде Ұлыбритания Украинаны қолдау ретінде Балтық теңізіне әскери кемелер жіберді.

Саяси-дипломатиялық салада да Батыс елдері  Ресейге қысымдарын айтарлықтай арттырды. Вашингтон үкіметі жуырда «Ресей АҚШ-тағы сайлауға араласып, кибер шабуыл жасады» деген сылтаумен осы елдің 32 жеке және құқықтық тұлғасына санкция салып, 10 орыс дипломатын тыңшы деп жариялап, АҚШ-тан кетуін талап етті. АҚШ-тың бұл шарасына реакциясында Мәскеу де 10 америкалық дипломаттың Ресейден шығарылғанын хабарлап, 8 америкалық шендіні санкциялар тізіміне енгізді. АҚШ пен Ресей қарым-қатынасындағы дағдарыс екі ел елшілерінің өз астаналарына қайтуына себеп болды. Еуропаның кейбір елдері, соның ішінде Чехия АҚШ-пен үйлескен әрекетте өткен күндері Ресей дипломаттарын елден шығарды. Әрине бұл Ресейдің қарымта әрекетіне ұшырады.  

Мұнымен қоса, Батыс елдерінің оппозиционер Алексей Навальный жағдайының ауырлығын сылтауратып, Ресейдің ішкі ісіне араласып, оның азат етілуін талап етуі тұрақты күрес тәсіліне айналды. Тіпті Вашингтон мен оның еуропалық одақтастары осы орайда Мәскеуге қоқан-лоққы жасады. Мәскеудің басты одақтасы Беларусьта төңкеріс жасап, осы ел Президенті Александр Лукашенкоға террор жасау жобасы әшкере болғанын ескеріп,  Путин Батыс елдерін Ресейдің қызыл сызығынан өтті деп айыптады.

Путиннің ескертуі бойынша, Мәскеу Батыс елдеріне қызыл сызықтан өткені үшін қатаң реакция білдіруге дайын және болашақта болатын кез келген оқиғаның жауапкершілігі Батыс елдері, әсіресе АҚШ-тың мойнында болмақ. 

Тегтер