Maм 16, 2021 21:01 Asia/Almaty

Ислам революциясының Сақшылар корпусы Құдс күштерінің қолбасшысы сардар Қаани жексенбі күні ХАМАС саяси кеңсесінің басшысы Исмаил Ханиямен телефон арқылы сөйлесіп, басқыншы режимнің айуандығын айыптап, қарсыласу қозғалысының сионист дұшпанның басқыншылығына жауабы мен Палестина халқын қорғауын мақтады.

Палестина қарсыласу қозғалысы мен сионистік режим арасындағы қақтығыстар дүйсенбі күні Тель-Авивке Құдс пен әл-Ақса мешітіне басқыншылығын доғаруға берген мұрсат аяқталған кейін өрши түсті.

Газадағы Азаматтық қорғау ұйымының хабарлауынша,  сионистік режимнің Газа секторының түрлі аудандарына шабуылдап, бомбалай бастағанынан бері (сенбі, 15 мамыр) қаза болған палестиналықтардың саны 140-тан асты. Олардың арасында 39 бала, 22 әйел бар.

Сионистік режим әлем халықтарының алдында қымсынбастан Палестина халқын қырып-жоюды жалғастырып жатыр. Ал бұл жағдайда АҚШ пен Еуропаның кейбір елдері қылмыскер режимді жақтауға кірісіп кетті. Бұл қолдаудың себебі не?

Батыс Азия (Таяу Шығыс) бірнеше онжылдықтардан бері  АҚШ-тың трансаймақтық мақсаттарындағы басты бағыт және жаһандық бәсекелестіктің ошағы болып келеді. Шын мәнінде аймақта сионистік режим құрылғаннан бері геосаясат тұрғысынан ерекше назарда болып келеді. Дұшпандар ислам әлемінің жүрегіне еніп, ықпал ететін ошаққа айналды. Басқа сөзбен айтқанда, Израиль құрылғаннан кейін 70 жылдан аса уақыт бойы аймақтан тыныштық пен тұрақтылық кетті.

Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи өткен дей айында Құм халқының 1978 жылы 9 қаңтардағы тарихи көтерілісінің жылдығына орай жасаған баяндамасында АҚШ-тың Батыс Азия мен Иранда тұрақсыздық орнатуға тырысып жатқанын айтқан еді. Аятолла Хаменеи АҚШ мақсатының аймақты толық басып алғанға дейін тұрақсыздандыру екенін айтып, осы мәселені тура айтқан атақты америкалық сарапшы Майкл Ладиннің сөздеріне сілтеме жасады.

Ислам революциясының жетекшісі: «Көпке танымал бір атақты америкалық сарапшы осы мәселе туралы ашық түрде айтып,  «Біз Иран, Ирак, Сирия мен Ливанда тұрақтылық орнауын қаламаймыз. Біз бұл елдерде тұрақтылық болуын қаламаймыз. Мәселе бұл елдерде тұрақсыздықтың керек-керексіздігінде емес» деп айтты. Оның айтпағы мынау: тұрақсыздық тудыру қажеттігі мәселе емес, осы тұрақсыздықты қалай тудыру мәселесі маңызды»,-деді.

Израиль режимі АҚШ пен басқа дұшпандардың ықпалды базасы ретінде трансаймақтық ойыншылардың мүддесіне сай басты басымдық болып қала береді.

Ливандағы саяси мәселелер жөніндегі сарапшы әрі тілші Рафиқ Хури АҚШ-тың сионистік режимге қатысты саясатын бағалай келіп: «Ешкім Байденнен немесе АҚШ-тағы басқа президенттерден Байденнің әкесінің «Сионист болу үшін яһуди болу қажет емес» деген позициясын ұстанбайды деп күтпейді. Сондықтан АҚШ Байден билігі кезінде сионистік режимнен қол үзетінін күтпей-ақ қойыңыздар»,-дейді.

Соңғы жылдардағы өзгерістер көрсеткендей, Трамп үкіметі кезінде АҚШ-тың Батыс Азияға қатысты саясатында бұрын-соңды болмаған өзгерістер жасалып, «Ғасыр мәмілесі» жобасы бекітіліп, АҚШ елшілігі Құдсқа көшіріліп, Голан жоталары басып алынған жерлердің бір бөлігі ретінде ресми түрде танылды. Бүгін осы іс-шаралардың бүлдіргі әсері айшықтала түсті.

Қазір де АҚШ Израильдің басқыншылығына қолдау көрсетіп отыр. АҚШ саясаты бұрынғыдай аймақта тұрақсыздықты сақтауға негізделіп отыр. АҚШ саясаты Израиль режимін қолдауға бағытталған, бірақ Батыс Азияда әскери-қауіпсіздік теңгерімі өзгерді.

Палестина қарсыласу қозғалысы сионист басқыншыларға жойқын соққы берді. Бұл АҚШ пен Израильдің Палестинаға үстемдік етіп, өткен саясатты жалғастыру дәуірінің аяқталғанын көрсетеді.

Тегтер