Қыр 01, 2021 22:30 Asia/Almaty
  • Еуроодақтағы коронавирус дағдарысы және мүдделер алшақтығы

Еуропада әлеуметтік дағдарыстар күшейген шақта бөлініп шығу туралы ойлар да белең алып жатыр. Жаңа бір сауалнаманың нәтижесі көрсеткендей, коронавирус дағдарысы еуро мен мигранттар дағдарысы секілді Еуроодаққа мүше елдер арасында алшақтықты тереңдете түсті.

Соңғы жылдарда, әсіресе Covid-19 індеті жаппай жайлаған шақта Еуропа елдерінің көбінде әлеуметтік наразылықтар күшейді. Еуропа елдерінің азаматтары Еуроодақтың коронавируспен күрес, дәрі-дәрмек, вакцина және тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету  саясатына наразы. Еуропалық азаматтардың көбі, соның ішінде Еуропаның шығысы мен оңтүстігінде тұратын елдер азаматтарының көзқарасынша, Еуроодаққа мүше елдер арасында вакцина бөлуде әділеттік сақталмады. Мысалы, Венгрия Еуроодақ басшыларының іс-қимылын сынап, Қытайдан вакцина импорттауға кірісті.  

Венгрия Сыртқы істер министрі Петер Сийярто: «Еуропа комиссиясы Covid-19-ға қарсы вакцинаны идеологиялық және геосаяси тақырыпқа айналдыру арқылы үлкен қателік жасады»,-деді.  

Басқа бір қырдан ұзақ мерзімді карантин енгізу, шекараларды жабу, ауқымды демалыстар Еуропа елдерінің көбінде экономикалық жағдайды ушықтырып жіберді. Жұмыссыздық деңгейінің артуы, бюджет бөлуге қатысты келіспеушілік және әлсіз елдердің үлес сұрауы осы салада да қайшылықтардың артып, Еуроодақтың біртұтас болмысына қатер төнуіне әкеліп соқтырды.   

Еуроодақтың әлеуметтік құқық және жұмыспен қамту комиссарының айтуынша,  осы одаққа мүше елдерде коронавирус таралғаннан бері 6 млн жұмыс орны жабылды. Еуропалық азаматтардың көбі індет таралған кезде қатаңырақ ережелерді қолдануды жеке бас бостандығына нұқсан келтіру деп атап, оған наразылық білдіріп жатыр. Мысалы, Франция азаматтарының көбі мейрамхана сияқты қоғамдық орындарда көрсетілуі тиіс «саламат паспортына» қарсылық  білдіріп, сан рет наразылық акцияларын өткізді. Басқа жағынан шекаралардың жабылуы Еуроодақ аумағында жүріп-тұру азайып, қиыншылықтардың күшейе түсуіне себеп болды.  

Соңғы жылдарда Еуроодақ басшылары арасында мигранттарды қабылдау саясатына қатысты қайшылықтар барына қарамастан, соңғы апталарда Ауғанстандағы өзгерістерге байланысты бұл түйткіл ода ары шиеленісе түсті. Мысалы, Словения Премьер-министрі Янез Янша Твиттердегі жеке парақшасында Еуропа елдерінің ауған мигранттарды қабылдауқа қатысты ұстанымы туралы: «Еуроодақ елдері арасында ауған мигранттарына қатысты ортақ пікір жоқ»,-деп жазды.

Ал бұл жағдайда Еуроодақтың ішкі істер жөніндегі комиссары Ильва Йоханссон осы салада: «Біз Ауғанстанға қатысты бірыңғай қатынасты қажет ететін жағдайда тұрмыз. Бұл елде азаматтық, миграциялық және қауіпсіздік  дағдарысы туындауына жол бермеуіміз керек»,-деді.   

Еуроодақта түрлі мәселелерге қатысты қайшылықтар арта түсті.  Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы,  Солтүстік Ирландияның Ұлыбританиядан бөлініп шығуға талпынуы және Еуропаның шығысындағы кейбір елдердің Еуроодақтан бөлініп шығуға ынта танытуы қазіргі таңда бөліну тақырыбының шынайы проблемаға айналғанын көрсетеді.

Еуропа кеңесінің бұрынғы басшысы Дональд Туск осы одақтың біртіндеп ыдырайтынын ескертіп: «Мұндай қайшылықтар Еуроодақтың ыдырауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Бірақ бұл жылдам болмайды. Алайда егер қарама-қайшылықтар жойылмаса, одақтың ыдырауы әбден мүмкін»,-деді.

Дағдарыс жағдайы Еуроодақта бөлінушілікке ұмтылысты арттыра түсті. Коронавирустың жаппай таралуы да шешілмеген мәселе болып тұр.

Еуропа комиссиясының бұрынғы басшысы Жан-Клод Юнкер қазіргі қысылтаяң шақта Еуроодаққа мүше елдер басшыларының коронавируспен күрес және вакцина таратуға қатысты өтірік айтуға мәжбүр болғанын мойындап, коронавирус дағдарысын шешу үшін барлық елдердің әріптесуі қажеттігін баса айтты.

Бөліну идеясы еуропалық елдерді қатты алаңдатып отыр. Егер осылай жалғаса беретін болса, Еуроодақтың ыдырауы көп күттірмейді.   

Тегтер