Қыр 23, 2021 22:22 Asia/Almaty
  • Пәкістан Үндістанға қатысты ұстанымын сәл жұмсартты

Пәкістан үкіметі 3 жылдан кейін Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди мінген ұшаққа осы елдің көгінен ұшуға рұқсат етті.

Саяси бақылаушылардың көзқарасынша, Пәкістанның Үндістан Премьер-министрі мінген ұшақтың ел көгінен өтуіне рұқсат беруін түрлі қырдан бағалауға болады.

Біріншіден, Моди АҚШ-қа бара жатыр. Ол АҚШ Президенті Джо Байденмен кездесуде екіжақты қарым-қатынастағы өзгерістер мен аймақтық мәселелер жөнінде сұхбаттасады деп күтілуде.

АҚШ пен Пәкістан арасында жуырда болған текетіресті ескерсек, Үндістан АҚШ-пен әсіресе Ауғанстанға қатысты әріптестік жасауға талпынып жатқан шақта Пәкістанның Үндістанға қатысты ұстанымында жұмсақтықтың байқалуында бір мән бар.

Пәкістандағы саяси мәселелер жөніндегі сарапшы Хасан Ханның осы салаға қатысты пайымдауынша,  Пәкістан өз мақсаттары мен жоспарларын ілгерілету үшін Үндістанмен текетіресті жоюы керек, өйткені көршілес елдермен дағдарысты жағдайда өзінің Ауғанстандағы мақсаттарын орындай алмайды.

Екіншіден, Пәкістан Ауғанстанда Талибан тобының позициясын нығайту үшін аймақ елдерін осы топқа жақтасуға шақырып, оларды Талибанмен қатынастың салдарына сендіргісі келеді.  

Үндістан Ауғанстанға орасан зор инвестиция салғандықтан осы елдің жағдайы мен болашағына бәрінен көп алаңдайды. Осы тұрғыдан Исламабад Пәкістанның Үндістанға жұмсақтық танытуы қос тараптың Ауғанстан туралы кеңесулеріне алып келетініне үміттенеді.  

Пәкістандағы саяси сарапшы Айша Седиқенің сенімінше, Үндістан мен Пәкістан жасырын түрде өзара қарым-қатынастағы текетіресті жоя бастады, өйткені Пәкістан Қытайдың одақтасы болғандықтан және экономикалық қиыншылықтарға ұшырап отырғандықтан көршілес елдер, соның ішінде Үндістанмен текетіресті жалғастыра алмайды.

Үшіншіден, Пәкістан Үндістан Премьер-министрі мінген ұшақтың ел көгінен ұшуына рұқсат беруі осы екі елдің Шанхай ынтымақтастық  ұйымына мүше болғанына байланысты.

Кез келген халықаралық ұйым, соның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ерекшеліктерінің бірі – мүше елдердің қауіпсіздік  мәселелеріне қатысты жауапкершілікті қабылдау және текетірестерді барынша азайту. Осы тұрғыдан Ауғанстандағы өзгерістер мен Иранның Шанхай ұйымына толық әрі тұрақты мүше болып кіргенін ескеріп, Пәкістан ұшаққа рұқсат беру арқылы Үндістанмен арадағы текетіресті жоюда бір қадам жасап, ендігі кезекті осы елге беріп, сосын барлық мүше елдерді Талибан тобымен әріптестік жасап, жақтасуға шақыруды көздеп отыр.

Қалай болғанда да, көршілес әрі ядролық бәсекелес елдер ретіндегі Үндістан мен Пәкістанның қарым-қатынасы 70 жыл бойы текетірес пен дағдарысқа толы болды, тіпті бірнеше рет толыққанды соғыс та болды.

Екі елдің түрлі мәселе, әсіресе Кашмир аймағы мен лаңкестікке қатысты терең қайшылықтары барын ескерсек, Исламабадтың Моди мінген ұшаққа АҚШ-қа қарай ұшу үшін Пәкістанның әуе кеңістігін пайдалануына рұқсат беруі екі елдің қарым-қатынасына айтарлықтай әсер етеді деу қиын. Бұл мәселенің шешімі Пәкістан үкіметінің ықтиярынан тыс. Осы елдің армиясы, әсіресе ISI барлау ұйымы шешім қабылдауы тиіс.

Тегтер