Қаз 15, 2021 18:14 Asia/Almaty
  • Теһран мен Исламабад интеграциясын арттыру керек

Пәкістан Парламентінің төрағасы Теһран мен Исламабад арасында аймақтық мәселелер жөнінде интеграцияны арттыру қажеттігін айтты.

Асад Қейсар ИИР парламенттік делегациясымен кездесуінде екі ел арасында ашылған жаңа шекаралық бекеттің екі ел халқының қатынасы мен саудасын жеңілдететінін айтып, осы өңір халқының тұрмыс-тіршілігінің жақсарғанына ризалық білдірді.

Иран мен Пәкістанда мың шақырымға жуық ортақ шекара бар. Олар әрдайым даму үстіндегі қарым-қатынасқа ие. Екі ел көрші ғана емес, ЭЫҰ мен Шанхай ынтымақтастық  ұйымының маңызды мүшелері болып табылады. Екі елдің мәдени және діни тұрғысынан терең байланысы және Пәкістанда парсы тілінің жоғары орынға ие болуы осы ел халқының Иранмен әртүрлі салаларда, соның ішінде сауда мен туризм салаларында екіжақты әріптестікті дамытуды қалауына себеп болды.  

Теһрандағы аймақтық мәселелер жөніндегі сарапшы Хұсейн Мұхаммади Иран мен Пәкістанның қарым-қатынасын бағалай келіп: «Иран мен Пәкістан 280 млн халыққа ие болғандықтан, екіжақты әріптестікті дамытуға әлеуеті зор. Бұл әлеуеттер одан ары анықтала түсуі керек»,-деді.

Ал бұл жағдайда Иран мен Пәкістан арасындағы интеграция – маңызды стратегиялық тақырып. Бұл үшін екіжақты қарым-қатынас пен сауда-экономикалық мәселелерді тереңірек және көбірек түсіну қажет.  

Осы салада айтылған мәселелердің бірі – қауіпсіздік, соның ішінде лаңкестікпен күресу, аймақтық қиындықтар, әсіресе Ауғанстандағы дағдарысты шешуге көмектесу.

Аймақ елдері біржақты саясатты қойып, аймақтағы шындықтарды назарға алып, ұжымдық мүдделерді қорғау үшін аймақтық коалиция құрып, өз саясаттарын белгілесе, аймақта тұрақты қауіпсіздік  орнатып, бөгделерге аймақ ісіне араласуға жол бермейтіні күмәнсіз.  

Теһрандағы саяси сарапшы Пирмұхаммед Молазехи осы жайлы: «Иран мен Пәкістанның қарым-қатынасы екіжақты мәселелер, аймақтық жағдай және халықаралық басым бағыттар негізінде қалыптасады. Екі тақырып аса маңызды: біріншісі – шекара мәселесі, соның ішінде лаңкестік топтардың белсендігі, ортақ шекарадағы есірткі контрабандасы. Екіншісі – Ауғанстан дағдарысы. Соңғы күндерде бұл дағдарысты шешу аймақтық әріптестікті қажет етеді»,-деді.  

Қазіргі таңда ИИР әрдайым ұжымдық әріптесу және ақылдасу арқылы аймақтық мәселелерді шешуге көмектесу үшін ізгі ниет білдіріп келеді. Теһранның көзқарасынша, аймақтық мәселелер тек қана аймақ елдерінің әріптестігі арқылы шешіледі. Бірақ елдер аймақтың ұжымдық мүдделерін назарға алмастан, басқа елдерді тек өз мүддесіне сәйкес аймақтық мәселелер, соның ішінде Ауғанстан дағдарысын шешуге тартуды қалайтын болса, бұл интеграция үшін мықты негіз бола алмайды. Сондықтан елдер бос ұраннан бас тартып, сындарлы қадамдарды күн тәртібіне қойып, шетелдік араласушыларға дағдарысты күрделендіруге жол бермеген кезде ғана аймақтық мәселелер шешіліп, тұрақты қауіпсіздік орнайды.

Тегтер