Қар 30, 2021 04:06 Asia/Almaty
  • Вена келіссөздері: түйткілдер мен үміттер

Аустрия астанасы Венада 29 қарашада АҚШ-тың санкцияларын жою тақырыбында Иран мен 4+1 тобының келіссөзі өтті.

Иран Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі орынбасары Əли Бағери осы келіссөзге қатысу үшін құқық, банк жəне энергетика салаларындағы мамандар делегациясын бастап сенбі күні Венаға барды. Ол өткен екі күнде Ресей жəне Қытай делегацияларымен жəне Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысының орынбасарымен екі жəне көпжақты кездесулер өткізді. Еуроодақ басшысының орынбасары "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына қатысты ортақ комиссияның жиналысына төрағалық етеді.

Теһран жақсы келісімге келуге ниетті. Бірақ АҚШ-тың қарама-қайшы əрекеті бұрынғыдай келіссөздің мақсаттарына жету жолында үлкен түйткілдердің бірі болып отыр. Байден үкіметі ядролық келісімге қайта оралу туралы айтқанымен, сес көрсете сөйлеп, Иранға саяси қысымдарды арттыруды көздеп отыр.

ИИР келіссөздердің осы кезеңінде бос уақыт өткізіп, минимум нәтижеге қол жеткізуді қаламайды. АҚШ-тың қазіргі тұрақсыз ұстанымын ескеріп, Иран санкциялардың жойылғанын тексеруге мүмкіндік пен ядролық келісімнің бұзылмайтынына кепілдік сұрап отыр. Осы тұрғыдан Вена келіссөздерінде ақылға қонымды нәтижеге жету үшін көп жайт ескерілуі тиіс.

Тəжірибе көрсеткендей, Иранның мүдделерін кепілдендірмей-ақ "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасындағы барлық міндеттемелерді қайта жандандыруға көндіру мақсатында оған қысым жасау нəтиже бермейді. АҚШ санкцияларын толық жойып, кепілдендіру жəне жойылғандығын тексеру, Иран халқының ядролық білімді пайдалану құқығын сақтау  ИИР-ның Вена келіссөздеріндегі мақсаттарының қатарына жатады.

Вена келіссөздері үдерісін сараптағанда екі жайтқа көңіл аудару керек:

Біріншіден, Иран "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы аясындағы өзінің заңды құқығы негізінде Вена келіссөздеріне қатысады. Иранның талабы - барлық санкцияларды толық жою жəне жойылғанын тексеру мүмкіндігіне ие болу.

Екіншіден, келіссөз тараптарының көзқарастары əрқилы. Əрқилылық келіссөз үдерісіне теріс əсер етуі мүмкін, тіпті оны жеңіліске ұшырата алады.

"Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасында қарсы тарап міндеттемелерін орындамай тұрғанда Ираннан біржақты негізде міндеттемелерді орындауды күту қисынсыз. Вена келіссөздерінде қисынсыз талаптар қою Иранның өз мүдделері мен құқықтарын қорғау шешіміне əсер етпейтіні анық.