Қаң 26, 2020 15:53 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (10)

Бұл бағдарламада Ахваз қаласымен таныстырамыз.


 

Иранның құрғақ батыс жағынан ыстық оңтүстік-батысына қарай сапарымызды жалғастырып, Хузистанға барамыз. Бұл облыс Загрос тауларының шығыс етегінде, теңіз деңгейінен өте төмен жазық алқапта орналасқан. Ол жерде Хузистанның ыстығын қатты сезінесіз. Облыс ойпатта орналасқандықтан ол жерде алтын түсті қалың қамыс өскен батпақты көлдер көп. Оларды "Хур" деп атайды.

Ахваз – Хузистанның ойпатты бөлігінде орналасқан тарихи қала. Парсы шығанағына жақын жерде Арабия түбегінен келетін құмды дауылдың өтінде орналасқан қала Иранның ең ыстық қалаларының бірі саналады.

 

Ахваздың тарихы Илам өркениетінен басталады. Б.з.д. 6 мың жыл бұрын "Тариана" деп аталған қала ерекше маңызды болған. Кейін  Ахеменилер дәуірінде Ұлы Дарий бұл қаланы "Худжестан" деп атаған. Бұл "Шекарестан" – қант қамысы өсетін жер деген мағына береді. Ахваз әртүрлі кезеңдерде әрқилы аталған. Қазіргі атауы ислам дәуірінен қалған.

Ахваздың көрнекті жерлері қалаға кірерден бұрын басталады. Көгілдір көкжиекте биік сабақты және жасыл жапырақты қант қамысы алқабы шынымен көруге тұрарлық. Сонымен қатар, көкке бой көтерген қалың пальма ағаштары сары құрма шоқтарымен көз қызықтырады. Бұл Ахвазды құрма өндіретін ең ірі қалалардың біріне айналдырды. Қала, жалпы Хузистан осы сары алтынмен қоса, қара алтын жері ретінде танымал. Өйткені онда мұнай кеніштері көп. Болат зауыты сияқты көптеген өнеркәсіп нысандарының болуы Ахвазды Иранның ең маңызды өнеркәсіп орталықтарының біріне айналдырды.

«Ахваз» атауы «Карун» атты әдемі өзенмен біте қайнасқан. Бұл өзеннің бір бөлігі кеме қатынасына жарамды. Бұл мүмкіндік ерте замандардан бері Ахваздың сауда  қарым-қатынасының қарқынды дамуына себеп болды. Карун – Иранның ең суы мол өзені. Ол Бахтияр тауларынан бастау алып, ирелең жолдардағы көптеген бөгеттерден өтіп, Хузистанды теңдессіз алқапқа айналдырды. Карун Ахваздың ортасынан ағып өтіп, мейірімді анадай қаланың шығысы мен батысын құшағына алып, қалаға әдемі көрініс сыйлады.

 

Ахваз

Карунның әдемілігі «Хафтом» (Жетінші) көпірінің үстінде Ахваздың салқын түндерінде жасанды сарқыраманың айналасындағы жолмен түрлі түсті нұрдың астында жүріп өткенде айшықтала түседі. Өзеннің үстіне салынған доғалы көпір – Ахваздың ең әдемі көпірлерінің бірі. Ол қаланың жаңа ауданын ескі бөлігімен байланыстырады. Ол "Өркениеттер диалогы" деген атпен танымал. «Хафтом» көпірі Карун түндерінің қызығын көрсететін жалғыз көпір емес.  Ақ көпір немесе Һелали көпірі екі ақ түсті аркадан тұрады. Карунның жағасынан көпірді тамашалау шынымен таңданыс тудырады. Көпірдің үстінен қарағандағы Карунның салтанаты мақтауға тұрарлық.

 

 

Карунның Жетінші көпіріндегі әдемі сарқырама

Келесі бір көпірдің аты – «Хаштом» (Сегізінші) көпірі. "Кабелді" деген атпен танымал көпір Карундағы басқа көпірлерден бөлек. Ол кабель түрінде тұғырсыз салынған. Түн кезінде көпір үстімен машина айдау ерекше ләззат сыйлайды. Ахвазға сапардың шаттығы ондағы дәстүрлі және заманауи базарларды аралаудан кейін толыға түседі.  Абдулхамид базары – Ахваздың ең ескі базары. Қажарлар дәуірінен қалған кірпіш құжыраларда түрлі түсті маталар, азық-түлік, арзан тауарлар сатылады. Ежелгі заманда бұл базар ақсүйектердің жері болған. "Моин әт-Тоджар" ғимараты немесе "Шейх Хазал" деген атпен танымал керуенсарай да осы базарда орналасқан. Бұл ғимарат Қажар заманында көп қолданылған. Ескі болғанына қарамастан әлі де бұл төрт террасалы ғимараттың кірпіш аркалары арасынан оның салтанатын сезуге болады.

 

Ахваздың Абдулхамид базары

Ахваздың ескі сарайларында серуендеу ерекше сезім сыйлайды. Бұл қалаға барғанда міндетті түрде Аджам сарайын көру керек. Кірпіштен салынған бір қабатты ғимараттың алдына тас төселген. Қашалған бағандар мен көптеген құжыралардан тұратын ғимарат бұрынғы замандағы тіршіліктің дыбысын көз алдымызға елестетеді.

Сонымен қатар «Пәкістандықтар базары» сияқты басқа да дәстүрлі әрі әдемі базарлар бар. Мұндай сұлулықты көрмей кетуге болмайды. Базарда қиялға қанат бітіретін түрлі түсті маталар сатылады.  Бұл базарлардан түрлі құрма, құрмалы нан мен жергілікті киімдер сияқты әртүрлі сәлем-сауқаттар сатып алуға болады. Каве дәстүрлі базарын да көруге болады. Каве базарында азық-түлік, балық пен асшаян сатылады.  

Ахвазға келген соң қаланың ортасындағы "Имам Хомейни" атындағы танымал базарды міндетті түрде көру керек. Бұл Ирандағы ең үлкен толық жабылған базарлардың бірі. Базардың ішінде жүргенде аркалы құжыралардың дыбыстық ритмінен ләззат алуға болады. Базардың сыртындағы маңдайшалар оның ішіндегі әдеміліктен кем емес.

Иран қалаларының көбінде зиярат ететін орындар көп. Ахваз да осындай қалалардың бірі. Әли ибн Маһзияр кесенесі – Ахваз қаласының ең ескі әрі маңызды діни орындарының бірі. Әли ибн Маһзияр шиіт факиһтерінің бірі әрі имам Резаның (ғ.) серіктерінің бірі болған. Бұл жер зияратшылар мен тамашалаушылар үшін ерекше рухани тыныштық сыйлайды.

 

Әли ибн Маһзияр кесенесі

Ахвазда тарихи және дәстүрлі жерлермен қоса, заманауи  сауда орталықтары көп болғандықтан люкс заттар мен түрлі тауарлар сатып алуды жақсы көретіндер риза болатыны анық. Ахваздың келесі көрнекті тартымдылықтарының бірі – мұражайлар. Заманауи өнер мұражайында Хузистан мүсіншілерінің туындылары қойылған. Ол Иранның ең тартымды әрі ең ірі өнер көрмелерінің қатарына жатады. Оны тамашалауға бірнеше сағат уақыт кетеді. Сонымен қатар, мамандандырылған ағаш және жону мұражайында ағаш өнеркәсібі мен оның қалалық архитектурадағы орны көрсетілген.

Тарихи-мәдени тартымдылықтарымен қатар, Ахваздан әртүрлі ұлт өкілдерін көруге болады. Арабтар парсылар мен лурлардың жанында тату-тәтті өмір сүреді. Бұл түсіністік пен достық 8 жылдық таңылған соғыс кезінде жер мен суды қорғауда ең жоғары деңгейде көрсетілді.

Ардақты ағайын, Иранның әрбір өңірінде көрнекті жерлер көп. Елге келіп, осы тың, сирек те тартымды жерлерді көріп, ләззат ала аласыздар. Ахвазға сапарымызды аяқтаймыз. Келесі аптада басқа бір қаланы таныстырғанға дейін сіздерді бір Құдайға тапсырамыз.  

 

 

Тегтер

Сараптама