Ақп 08, 2020 22:09 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (187)

Бұл бағдарламада х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладж туралы тақырыбымызды жалғастырамыз.

Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген танымал мистик Хусейн бен Мансур Халладж өз өмірі, сөздері, тіпті өлімімен әлемде өшпес із қалдырды. Ғасырлар өтсе де, ирандық және батыс зерттеушілері ол туралы пікір айтып, зерттеу жазып жатыр. Өз сөздерімен жалпы мен жалқының жүрегін жалындатқан мистиктің Иран, Үндістан, Түркістан, Қытайда жақтастары көп болған. 

Хусейн бен Мансур Халладжды өлтіру тәсілі

Айтып өткеніміздей, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладжды тану үшін шығыстанушылар мен басқа зерттеушілер жасаған талпыныстарға қарамастан, оның шынайы бейнесі көп қырдан әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Халладждың шын аты – Хусейн. Әкесінің аты – Мансур. Көне мәтіндерде Халладждың туған күні жайлы дерек жоқ. Алайда француз шығыстанушысы Луи Массиньон сияқты кейбір зерттеушілер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 244 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 858 жыл деп санайды. Халладж Фарс облысының Бейза ауданындағы Тур ауылында дүниеге келген. Бала кезінде жанұясымен бірге Турдан Ирактағы Васет қаласына қоныс аударған. Сондай-ақ, «мақта түтуші» деген мағына беретін "Халладж" сөзі бастапқыда оның лақап аты болған, бірақ біртіндеп оның шын атынан басым түскенін айтып өттік. Халладж жастық шағында білім алу үшін сапарға аттанып, Сәһл бен Абдулла Тастари мен Амру бен Осман Маки сияқты ірі ұстаздар және танымал ирандық мистик Джунейд Наһавандиден білім алып, үлгілі шәкірт атанған. Халладж өмірінде үш рет қажылыққа барған. Қайда барса да, оның жанына жақтаушылары көп жиналған деседі.

Халладж х.қ.ж.с.б. 294 жылы Меккеден Бағдадқа қайтып келгеннен кейін халық алдында сөз сөйлеп, уағыз айта бастаған. Ол бұл қалада алғаш рет халыққа насихат айтып, өз заманындағы екіжүзді сопыларды әшкерелеген. Ол сопылық шапанды шешіп, жерге тастап, бұдан былай сопылар сияқты үнсіз болмайтынын көрсеткен. Хусейн бен Мансур Халладж Құдайды ынтықтықпен еске алып, намаз, ораза, Құран мен ғибадат туралы баяндап, өлім туралы үрейсіз сөз қозғаған. Халықпен еркін сөйлескен. Бәрінен көбірек ақын-жазушылар, саудагерлер мен ақша айырбастаушылармен араласқан. Бұл адамдардың көбі сауатты еді. Аз уақыттың ішінде шәкірттері мен жақтастары көбейді. Әсіресе, ирандықтардың көбі оған бет бұрды. Зерттеушілердің сенімінше, жақтаушылардың көбі оның сөздерін терең түсінбесе де, оған  тартылған. Әрдайым өзіне бір бітімгер құтқарушы іздейтін халық Хусейн бен Мансур Халладжға осындай құтқарушы ретінде қараған. Оған хат жазып, тілектерінің орындалуын сұраған. Қалың жұрттың Халладжға ынта білдіруі Бағдад факиһтерін үрейлендіріп, қала билеушілерінің күдігін тудырды.

Халладждың жақтастармен қатар, дұшпандары да көп болды. Олардың көбі ықпалды адамдар еді. Бағдадтың факиһтері мен заңгерлері Халладждың ойы мен сөзін қабылдамай, оған қарсылық білдірді. Бағдадтағы кейбір сүннит сопылар оны айла мен сиқыр жасайды деп айыптады. Кейбір факиһтер Халладжды "өзін Құдай санайды" деп айыптады. Осындай сөздер оның шынайы болмысының халықтың назарынан тыс қалуына себеп болды. Сондықтан х.қ.ж.с.б. 297 жылы факиһтердің бірі Мұхаммед бен Давуд Заһери Халладжды күпір санап, өлтіруге үкім шығарғанда Бағдад халқы оның шынайы халінен хабарсыз еді. Кейбіреулер оны "жынды" санаған, кейбіреулер сиқыршы деп атаған. Басқалары "Халладж тілектерді орындайды, керемет қасиеттерге ие" деп сенген. Ибн Давудың бұл үкімі сол заманда тіпті Халладждың қудалануына себеп болған жоқ. Ол Ибн Давуд қайтыс болғаннан кейін ұзақ жылдар бойы Шуш, Ахваз бен Бағдадта өзінің ойларын таратумен айналысты.

Халық Халладжды жақсы көрген және оның қоғамдық саясатқа араласуын қолдаған. Сол себепті Халладж уәзірлер мен үлемдердің саясаты мен міндеттері жайлы трактат жазып, Хұсейн бен Хамдан Насру Ибн Исаға сыйлаған.

Х.қ.ж.с.б. 298 жылы сүнниттік реформаторлар бүлік шығарды, бірақ ол нәтижесіз аяқталып, жеңіліс тапты. Сөйтіп, халифаттың билігі әл-Мұқтадер Аббасиге қайтарылды. Бұл кезде ол бала еді. Қаржы істерін уәзір Ибн Фарат атқарған. Бұл уәзір қашып кеткен әмір Хұсейн бен Хамданды іздестірді. Соның нәтижесінде Ибн Хамданға кеңесші болған Халладжды тапты. Ибн Фарат алдымен Халладжды бақылауға алуға бұйрық берді, содан кейін Халладждың серіктерін ұстауға әмір етті. Халладж ол кезде Шуш қаласында жасырынып жүр еді. Жандайшаптар оны үш жыл іздестірді. Оның жасырынған жері кездейсоқ анықталды. Халладж өзін басқаша таныстыруға тырысқан. Бірақ жақтастарының бірі оны сатып жіберді.  

Ирандық тарихшы Зарринкубтың айтуынша, "Х.қ.ж.с.б. 301 жылдың раби ул-аууал айында Халладж жауапқа тартылу үшін түйемен Бағдадқа бара жатқанда жаршы "Енді карматтардың біреуі шығып, оның анық Халладж екенін растасын" деп жар салыпты".

Дұшпандар оған ауыр айыптар тағып: "Ол Ахваз бен Бағдадта өзін Құдай деп жариялады. Достары мен жақтастарына жазған хаттарында қайта тірілу (реинкарнация) жайында айтты",-деген. Ал Халладж өзінің шынайы кінәсін тоухид-бір Аллаға сену деп білген. Оның ойынша, дұшпандар мұны түсіне де, қабылдай да алмайды. Бір күні біреу одан қандай кінәмен ұсталғанын сұрағанда: "Нүктесі жоқ үш әріп пен нүктесі бар екі әріп үшін ұсталдым",-деп жауап берген екен. Мұнда Халладж "тоухид" сөзін меңзеген көрінеді. Халладж факиһтердің өзіне шығарған үкімін Алланың бірлігі мәселесіне қатысты ойларымен байланыстырған. Ұстаз Зарринкубтың сенімінше, "Мистиктер Халладждан кейін де шын мәнінде оның осы сөзін растап, "оның қылмысы құпияларды ашқаны болды" деген".

Халладж уәзір Әли бен Исаның алдына апарылып, факиһтер мен қазылардың алдында жауапқа тартылған. Қарсыластар "Ол діни ғылымдар, Құран мен сүннеттен хабарсыз" деп уәж айтқан. Дұшпандар мен  қарсыластар осы сотта оған көп жала жапты. Сотта оның зандиқтық немесе карматтық болғаны дәлелденбеді, бірақ уәзір Әли бен Иса оның сақалын қырып, бір күн шығыс көпірде, бір күн батыс көпірде тірідей ағашқа керіп ілуге бұйрық береді. Жаршылар "Карматтықтардың бірі келіп, мына адамды танысын" деп жар салады. Екі күннен кейін оны ағаштан түсіріп, тергеуді жалғастыру үшін зынданға алып барады. Тергеп-тексеру сегіз жылға созылған. Осы аралықта Халладж өзімен бірге қамалған балдызымен қоса бір түрмеден екіншісіне тасымалданып отырған. Әрине ол бұл түрмелерде қарапайым тұтқындар арасында сөз сөйлеп, үгіт-насихат жүргізуге рұқсат алған. Түрмеде жатқан кезінде ол халифтің алдына барған. Х.қ.ж.с.б. 303 жылы халиф қызуы көтеріліп, ауырып қалған екен. Оны емдеу үшін уәзір Халладжды түрмеден алып шығуға мәжбүр болады. Халладж халифті емдеген екен. х.қ.ж.с.б. 305 жылы да Халладж мұрагердің омандық тотысын тірілткен. Осындай жайттар оны қызғанушылардың көбеюіне, қала мен сарай маңында оған қатысты ауыр қауесеттердің таралуына себеп болды. Х.қ.ж.с.б. 304-306 жылдары Ибн Фарат қайта уәзір болып тағайындалған. Бірақ ол Халладжды жақтайтын халифтің анасынан қорқып, Халладж ісін шариғат сотына шығаруға жүрегі дауаламаған.   

Осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.

Тегтер

Сараптама