Нау 02, 2020 13:12 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (188)

Бұл бағдарламада да х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладж туралы тақырыбымызды жалғастырамыз.

Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген танымал мистик Хусейн бен Мансур Халладж өз өмірі, сөздері, тіпті өлімімен әлемде өшпес із қалдырды. Ғасырлар өтсе де, ирандық және батыс зерттеушілері ол туралы пікір айтып, зерттеу жазып жатыр. Өз сөздерімен жалпы мен жалқының жүрегін жалындатқан мистиктің Иран, Үндістан, Түркістан, Қытайда жақтастары көп болған. 

Айтып өткеніміздей, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладжды тану үшін шығыстанушылар мен басқа зерттеушілер жасаған талпыныстарға қарамастан, оның шынайы бейнесі көп қырдан әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Халладждың шын аты – Хусейн. Әкесінің аты – Мансур. Көне мәтіндерде Халладждың туған күні жайлы дерек жоқ. Алайда француз шығыстанушысы Луи Массиньон сияқты кейбір зерттеушілер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 244 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 858 жыл деп санайды. Кейбіреулер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 248 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 862 жыл санаған. Халладж Фарс облысының Бейза ауданындағы Тур ауылында дүниеге келген. Бала кезінде жанұясымен бірге Турдан Ирактағы Васет қаласына қоныс аударған. Сондай-ақ, «мақта түтуші» деген мағына беретін "Халладж" сөзі бастапқыда оның лақап аты болған, бірақ біртіндеп оның шын атынан басым түскенін айтып өттік. Халладж жастық шағында білім алу үшін сапарға аттанып, Сәһл бен Абдулла Тастари мен Амру бен Осман Маки сияқты ірі ұстаздар және танымал ирандық мистик Джунейд Наһавандиден білім алып, үлгілі шәкірт атанған. Халладж өмірінде үш рет қажылыққа барған. Қайда барса да, оның жанына жақтаушылары көп жиналған деседі. Халық Хусейн бен Мансур Халладжға  құтқарушы ретінде қараған.  Қалың жұрттың Халладжға ынта білдіруі Бағдад факиһтерін үрейлендіріп, қала билеушілерінің күдігін тудырды. Ақырында Бағдадтың сол кездегі билеушілері мен факиһтері Халладжды жалған айыптармен абақтыға қамады.

Халладж өмірінің соңғы сегіз жылын  әртүрлі абақтыларда өткізді. Бұл аралықта қызметшісі мен інісі жанында болды. Осы соттар барысында Бағдадтың сопылары Халладжға қызығушылық танытпады. Оған өлім үкімі шығарылған соңғы сотта Бағдад сопыларынан тек «Абулаббас» деген атпен танымал Ибн Ата Адами ғана оған жанашырлық танытқан. Абулаббас Ахмад бен Ата Амольден шыққан. Ол сүннит хадисші, тақуа сопылардың бірі еді. Халладждың соңғы соты барысында Бағдад сопылары арасында оны қорғаған жалғыз адам болған. Оның осы қорғауы кейіннен Халладжды сол замандағы факиһтер таққан айыптардан ақтауға септігін тигізді.

Халладждың сегіз жылдық тұтқындалуы кезінде Халиф әл-Мұқтадер Аббасидің көмекшісі Насыр Қошури, халиф пен оның анасы сейеде Шоғаб Халладжды жақсы көрген, бірақ факиһтердің үкіміне қарсы шыға алмаған. Олар оны тек Дар ул-Султанға ауыстыра алды. Сол жерде онымен оңайырақ байланыс орнатқан. Бірақ бір оқиға Халладж сотының тездетілуіне және сол кездегі уәзір Хамед бен Аббастың сотта оған өлім жазасы кесілуіне табандылық танытуына себеп болды.

Диневар уалаятында бір кісіні Халладждан келген бір оғаш хатпен ұстаған деседі. Хаттың үстінде «Рахмани Рахимнен Пәленше бен пәленшеге» деп жазылған. Хатты Бағдадқа жіберген. Оны Халладжға көрсеткенде ол оның өз қолымен жазылғанын растаған. Одан: «Сен өзіңді Құдайға балайсың ба?»-деп сұраған. Ол: «Жоқ. Бұл біздің арамызда «Эйн ул-джам» деп аталатын нәрсе ғой. Кейбір сопыларда мұндай қасиет бар»,-деген. Хамед бен Аббас осыған қатысты өзінің сынын жазуды сұраған. Халладж жазып берген. Оның жазғанын Абу Мұхаммад Джарири мен Абу Бакр Шеблиге оқыған. Олар басында бұл оқиғаға араласқысы келмеген, бірақ бастарын алып қаша алмаған. Джаририден Халладждың сөзі туралы сұрағанда: «Бұл – кәпір адам. Оны өлтіру керек»,-деген. Шебли жұмсағырақ жауап беріп: «Мұндай сенімдегі адамның ойын өзгертуге тырысу керек»,-деген. Халладждың сенімін факиһтерге жеткізген кезде олардың бәрі оны теріске шығарған. Бірақ бұл аралықта сопы Ибн Ата Адами Халладждың сөздерін теріске шығармаған. Хамед бен Аббастың бұйрығымен Халладждың сөзін оған оқыған кезде, ол да «Мен де осындай сенімдемін. Бұдан басқаша ойлайтын адамның бәрі кәпір» деп жазған деседі. Хамед бен Аббас Ибн Ата Адамиді сарайға шақыртып алып, оған қатты сөйлеген. Ибн Ата да уәзірге дөрекі жауап беріп, Халладжды қорғай сөйлеген. Уәзір Ибн Атаны жазалауға бұйрық берген. Ибн Атаға берілген соққының ауырлығы соншалықты, ол бірнеше күннен кейін жарақаттан көз жұмды.

Халладжды ұзақ мерзімді тергеу бұрынғыдай жалғаса берді. Хамед бен Аббас күн сайын оны өзінің жиынына әкеліп, факиһтер мен қазылардың алдында айыптап, содан соң түрмеге қайтарып отырған. Уәзір осы жиындар барысында Халладжды өлтіруге жеткілікті сылтау табылар деп ойлаған.

Халладж сиқырлық, өз-өзін Құдай санау және илаһи ғашықтық деген айыптармен сотталып, зандиқиеге тиесілі саналған. Халладж «Мен Хақпын» деп айтқаны үшін айыпталған. Бұл сопылық ұйым. Онда болмыстың бірлігінен басқа ештеңе айтылмаған. Оның мағынасы: «Мен ғана ақиқат емеспін, бәрі – ақиқат». Сопылардың ойынша, барлық тіршілік иелерінің ішінде хазірет Хақ бар, олар Оның көріністерін көрсетеді. Халладж ақылға сыйымсыз, я болмаса шынайы емес ештеңе айтпаған. Бірақ ол өмір сүрген заманда қарсылары мұндай сөзді қабылдай алмаған.

Халладж соттардың бәрінде барлық күдік-күмәндерді жоятындай сөз сөйлеп, «шаһадатайн» айтып отырған, ал абақтыда намаз оқып, ораза ұстап, зікір айтып, дұға оқумен айналысқан. Ол өзіне таңылған «құдайылық» туралы айыптарды теріске шығарған. Бұған қарамастан Хамед бен Аббас факиһтер мен қазыларды оған өлім жазасын шығаруға мәжбүрледі. Соттаушылар Халладж тілінің құпия қырларын түсінбеді. Бұл құпия тілді кейіннен кейбір сопылар, соның ішінде Рухбехан Бақали өзінің «Шатаһиат» атты еңбегінде пайдаланды.

Халладждың соңғы соты жеті айға созылды. Бұл аралықта тіпті онымен кездесу қиын болатын, мүлде тыйым салынды десе болады. Абақтыда онымен кездесе алған адамдардың бірі Ибн Ата Адами мен шираздық бір сопы Абу Абдулла Хафиф болған. Оның Халладж туралы айтқан рауаяттары сопылардың кітаптарында келтірілген.

Қалай болғанда да Халладж соңғы рет өзін қорғап, ислам мен сүннит мазхабына сенімін баяндады. Сол кездегі уәзір Хамед бен Аббастың талпынысымен шығарылған оны өлтіру туралы пәтуаны халиф те растады. Халифтің көмекшісі Насыр Қошури мен халифтің анасы сейеде Шоғаб бұл үкімнің орындалуының алдын алуға бар күштерін салды, бірақ нәтиже шығара алмады.

Хусейн бен Мансур Халладжды дарға асу сәті

Халладжға шығарылған үкім х.қ.ж.с.б. 309 жылының зилхадже айының 23 күні орындалды. Үкім шығарылған сәттен бастап қауіпсіздік күштері мен мемлекеттік тыңшылар қаланы бақылауға алып, Хусейн бен Мансур Халладжды өмірінің соңғы күнін өткізу үшін абақтыға жеткізді. Бұл кезде қала тұрғындардың көбі оның тағдырынан хабарсыз еді.

Келесі бағдарламада басқа бір ирандық танымал тұлғамен танысқанға дейін аман-сау болыңыздар!

Тегтер

Сараптама