Қаз 11, 2021 01:36 Asia/Almaty
  • Нұрлы жол. 865-бөлім,

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 865-бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Қасас" сүресінің 14-аятына құлақ түріңіздер:

«وَلَمَّا بَلَغَ أَشُدَّهُ وَاسْتَوَى آتَیْنَاهُ حُکْمًا وَعِلْمًا وَکَذَلِکَ نَجْزِی الْمُحْسِنِینَ»

Аяттың аудармасы:

(Мұса Ғ.С.) ержетіп, теңелген кезде, өзіне хикмет, ғылым бердік. Жақсылық істеушілерді өстіп сыйлыққа бөлейміз. (14)

Бұл аяттар Мұса өмірінің басқа бір бөлігін баяндайды. Мұса есейген кезде Құдай оның ақыл-ойы мен шабытын нығайту арқылы оған ақиқатты түсініп, ақ-қараны айырып, әділетті шешім шығара алатындай білім мен кең дүниетаным сыйлады. Айта кету керек, жастық шақ – әрбір адамның өмірінде күш-қуаты мен қарым-қабілетінің шарықтау шегіне жететін кезі. Хазірет Мұса таза әрі лайықты болғандықтан Алла тағаланың осындай назарына ие болды. Осы аятқа сәйкес, ізгі қасиеттерге ие әрбір адам Алланың мейіріміне бөленеді. Әрине кейіннен Мұсаға берілген уәһи мен пайғамбарлықтан басқа.    

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Жастық шақ – адам өмірінің ең жақсы кезеңі. Өйткені бұл кезде физикалық күш-қуат пен ақыл-ойдың дамуы қатар жүріп, адамның кемелденуіне жағдай жасалады.
  2. Басқаларға жақсылық жасау және жақсы болу Алланың айрықша рақымына бөленуге жағдай жасайды.

"Қасас" сүресінің 15-аятына құлақ түріңіздер:

«وَدَخَلَ الْمَدِینَةَ عَلَى حِینِ غَفْلَةٍ مِّنْ أَهْلِهَا فَوَجَدَ فِیهَا رَ‌جُلَیْنِ یَقْتَتِلَانِ هَـذَا مِن شِیعَتِهِ وَهَـذَا مِنْ عَدُوِّهِ فَاسْتَغَاثَهُ الَّذِی مِن شِیعَتِهِ عَلَى الَّذِی مِنْ عَدُوِّهِ فَوَکَزَهُ مُوسَى فَقَضَى عَلَیْهِ قَالَ هَـذَا مِنْ عَمَلِ الشَّیْطَانِ إِنَّهُ عَدُوٌّ مُّضِلٌّ مُّبِینٌ»
 

(Мұса Ғ.С.) елдің кәперсіз уақтында қалаға кірді де онда төбелесіп жатқан екі адам көрді. Бірі өз тобынан, біреуі дұшпан жақтан еді. Сонда өз тобынан болғаны дұшпанына қарсы Мұсадан көмек тіледі. Сонда Мұса (Ғ.С.) оны жұдырықпен ұрғанда оған қаза жетті. (Мұса Ғ.С.): “Бұл шайтан ісі. Өйткені ол ашық адастырушы дұшпан” деді. (15)

Мұса бір қалаға келіпті. Қала тұрғындары оның келгенінен және қалада не болып жатқанынан хабарсыз болыпты. Мұса бір-бірімен шекісіп, төбелесіп жатқан екі адамды көреді. Біреуі өзін жақтаушы, ал екіншісі дұшпан тарапынан екен. Жақтаушы Мұсадан дұшпанмен төбелесте көмек сұраған. Мұса дұшпанға қол сілтегенде ол өліп қалыпты. Мұса өзіне: «Дұшпандық пен төбелес – сайтанның ісі. Ол ашық адастыратын дұшпан»,-деді. 

Хазірет Мұса есейгенге дейін перғауын сарайында өмір сүрген. Сарайдың басқа мүшелері сияқты салтанатты жағдайда өмір сүріп, жауынгерлік тәлім көрген. Бір күні сарайдан шығып, қала көшелерін аралап келе жатқанда бір-бірімен жанжалдасып, бір-бірін өлімші ғып соғып жатқан екі адамды көріпті. Олардың бірі Бәни Исраил қауымынан, ал екіншісі Мысырдың копттарынан екен. Мұсамен мазхабтас адам оны танып, одан көмек сұрады. Оны жәбір көрген адам деп түсінген Мұса көмекке асығып, коптты жұдырықпен ұрып жер жастандырған екен. Бірақ ол құлап, лезде жан тапсырыпты.

Мұсаның өзі соққысы мұншалықты қатты болады деп ойламаса керек. Бір соққымен дұшпанды құлатты. Мұса оны өлтіргісі келмеп еді. Тек жапа көрген адамды қорғау үшін қол жұмсаған еді. Алайда копт шыдамай, жан тәсілім етті.

Осы кезде Мұса қақтығыстың шығу себебіне көңіл аударып: «Барлық жанжал мен кектің тамыры сайтаннан. Ол адамдардың арасына іріткі салады. Шын мәнінде ол адамдардың жауы және адастыру арқылы  оларды бір-біріне айдап салады»,-деді.

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Мұса перғауынның сарайында өссе де, залымдардың емес, жапа шеккендердің қолдаушысы болды. Тіпті перғауынның жұбайы Асия да сарайда өмір сүрсе де, Мұсаға иман келтіріп, осы жолда жанын пида етті.
  2. Пайғамбарлар залымдармен күресіп, зорлық-зомбылық көргендерді жақтайтын жомарт адамдар болған. Мазлұмдарды қорғау үшін залымдармен күрескен. 
  3. Адамдар арасына іріткі салу – сайтанның ісі. Сондықтан ашуға тұсау салып, сайтанға бойымызды билеп алуға жол бермеу керек.

 

"Қасас" сүресінің 16-17-аяттарға құлақ түріңіздер:

«قَالَ رَ‌بِّ إِنِّی ظَلَمْتُ نَفْسِی فَاغْفِرْ‌ لِی فَغَفَرَ‌ لَهُ إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ‌ الرَّ‌حِیمُ»، «قَالَ رَ‌بِّ بِمَا أَنْعَمْتَ عَلَیَّ فَلَنْ أَکُونَ ظَهِیرً‌ا لِّلْمُجْرِ‌مِینَ»

“Раббым! рас өзіме кесір істедім. Мені жарылқа!”,- деді. Сондықтан Алла, оны жарылқады. Өйткені Ол, тым жарылқаушы, ерекше мейірімді. (16)

“Раббым! Маған берген нығметіңе серт! Енді күнәкарларға жәрдем етпеймін” деді. (17)

Копт өлгеннен кейін басқа копттардың Мұсаның соңына түсіп, ұстап, қасас жасауды көздейтіні анық еді. Мұса коптқа қол жұмсау арқылы бір жағынан өзіне қастық жасады. Өйткені бұл іс оған қауіп төнуіне, копттардың оны ұстауға тырысуына себеп болды. Хазірет Мұса осы оқиға үшін күнәһар саналмайды. Бірақ бұл өлім оның ісі келесі кезеңдерде қиындыққа ұшырауына әкеліп соқтырды. Сондықтан Мұса Құдайдан міндетін атқарарда кемшілік жасаса, кешіруін, қателіктің салдарын залалсыздандыруын, оны перғауынның қудалауынан құтқаруын сұрады. Құдай солай істеді. Мұса копттардың қолына түспеді. Сол кезде Мұса дұшпанның қолына түсірмегені үшін Құдайға шүкіршілік ретінде қылмыскерлерді ешқашан қолдамауға және залымдарға көмектеспеуге ант етті.   

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Мүміндерді залымдардың қолынан азат етуде абайлау керек. Қатер туындамауын, қажетсіз зарарлар мен салдарлардың болмауын қадағалау керек.
  2. Қателік немесе заң бұзушылық тіпті қасақана жасалмаса да, жағдайға қарай табиғи салдарға ие.
  3. Шүкіршілік – мазлұмдардың жәрдемшісі. Ол залымдар мен қылмыскерлерге көмектесуден бас тартуға ынталандырады.

Осымен бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз. 

Тегтер