Maм 12, 2022 16:42 Asia/Almaty
  • Нұрлы жол. 872-бөлім.

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 872-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Ғафир" сүресінің 77ятына құлақ түріңіздер:

«فَاصْبِرْ إِنَّ وَعْدَ اللَّـهِ حَقٌّ  فَإِمَّا نُرِیَنَّکَ بَعْضَ الَّذِی نَعِدُهُمْ أَوْ نَتَوَفَّیَنَّکَ فَإِلَیْنَا یُرْجَعُونَ»

 

Аяттардың аудармасы: (Мұхаммед Ғ.С.) енді сабыр ет. Алланың уәдесі хақ. Ал енді мейлі оларға еткен уәдеміздің кейбірін саған көрсетсек те (көзің тірісінде болса да) немесе саған өлім берсек те (бұрын қайтыс болсаң да) олар Біз жаққа қайтарылады. (77)

Бұл аятта Алланың елшісі мен оның жақтастары қарсыластардың тиісуі мен азаптауы алдында сабырлы да берік болуға шақырылған. Қарсылардың теріске шығаруы, тас лақтыруы немесе кедергі тудыруы өз жолдарыңда әлсіздік білдіруге себеп болмауы керек. Бірақ керісінше олардың сөз және іс жүзінде қарсылықтары күшейген сайын сендер хақ жолында берік әрі табанды болуларың керек. Сонда уақыт өте келе оларды жеңе аласыңдар.

Алланың уәдесі бойынша, хақты теріске шығарушылар осы дүниеде де жаза тартады, бірақ илаһи жазалар міндетті түрде осы дүниеде болады деп күтпеуіміз керек. Алланың уәдесі хақ. Біз болсақ та, болмасақ та, Ол уәде еткен нәрсе орындалады. Қалай болғанда  да, толық жаза Қиямет күнінде беріледі. Онда барлық адамдар бір-біріне берілген сый мен жазаға куә болады.   

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Адам дінге берік болғаны үшін көрген қиыншылықтарға сабырлы да берік болуы керек. Бұл – діндарлықтың бір бөлігі. Кейбір қиындықтарға бола дін мен оның өміршең тағылымдарынан бас тартуға болмайды.
  2. Айыптыларды жазалауды кейінге қалдыру илаһи хикметке негізделген. Алла уәделерінің орындалатынына күмән келтіруге болмайды.   

"Ғафир" сүресінің 78ятына құлақ түріңіздер:

«وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلًا مِّن قَبْلِکَ مِنْهُم مَّن قَصَصْنَا عَلَیْکَ وَمِنْهُم مَّن لَّمْ نَقْصُصْ عَلَیْکَ  وَمَا کَانَ لِرَسُولٍ أَن یَأْتِیَ بِآیَةٍ إِلَّا بِإِذْنِ اللَّـهِ  فَإِذَا جَاءَ أَمْرُ اللَّـهِ قُضِیَ بِالْحَقِّ وَخَسِرَ هُنَالِکَ الْمُبْطِلُونَ»

 

Аяттардың аудармасы: Расында сенен бұрын да елшілер жібердік. Олардың кейбірін саған баян еттік те, кейбірін баян етпедік. Ешбір елші Алланың рұқсаты болмайынша бір мұғжиза келтіре алмайды. Қашан Алланың әмірі келсе, ақиқат бойынша үкім етіледі. Бұл жерде бұзақылар зиянға ұшырайды. (78)

 

Алдыңғы аятта пайғамбар сабырлық пен беріктікке шақырылды. Бұл аятта пайғамбардың көңілін тыныштандыру үшін былай делінген: "Саған дейін де көп пайғамбар келген. Олар да осындай қиындықтарға ұшыраған. Бірақ олар хақ жолында табанды болды. Әрине олардың кейбіреулерінің қиындықтарын саған баяндадым. Ал көбін  айтпадым. Жалған мен хақтың күресі тарих бойында жалғасып келеді. Сенің заманыңа ғана қатысты емес".

Тәкаппар адамдардың бір тобы әрдайым хақ сөзіне қарсы шығып, оны қабылдағысы келмейді. Кейбір адамдар мұнымен шектелмей, ақиқатты іздеушілерге қарсы күресіп, оларға тиісіп, оларды қудалап, қырып, хақты түп-тамырымен жоюды көздейді.

Олар шын мәнінде сылтаушыл қырсық адамдар, күн сайын жаңа тақырып көтереді. Бұрынғы пайғамбарлар кезінде олардан да жаңа мұғжизалар сұралды. Олардың талабы бойынша пайғамбарлар мұғжиза жасауы керек деп санады. Ал негізі мұғжиза пайғамбарлардың қолында емес, Алланың ықтиярында. Олар сиқыршы емес. Сиқыршылар көп жаттығудың арқасында сиқыр жасай алады. Ал пайғамбарлар тек Алланың рұқсаты және күшімен мұғжиза жасай алады. Басқа сөзбен айтқанда, мұғжиза халыққа жол көрсету, ой-санасын ояту және пайғамбардың шыншылдығын дәлелдеу үшін беріледі. Пайғамбар күн сайын адамдардың өтінішіне оң жауап беріп, мұғжиза жасамайды. Аяттың соңында былай делінген: осындай жалғанға жақ қырсық адамдар Қиямет күніндегі илаһи сотта хақ негізінде сотталады. Сол күні қайтар жолдар жабылады, зұлымдардың зары мен айқайы ешқай жерге жетпейді. Ол кезде жалғанды жақтаушылар зиян көреді, жан-жақтан шығын мен зарар көргенін анық түсінеді. Олар өздерінің барлық құнды капиталдарынан айырылғанын, қажетті жүк жинамағанын, Алланың ашуына ұшырағанын түсінеді.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Бағзы заманда өмір сүрген қауымдар мен пайғамбарлар тарихын оқу – Құранда айтылған кеңестердің бірі. Сонда адам хақ жолында табанды болып, кедергілер мен қиындықтарға бола әлсіздік танытып, үміт үзбейді.
  2. Пайғамбарлардың мұғжизалары адамдардың талап-тілектері емес, Алланың рұқсатына негізделген. 
  3. Шынайы шығын бұ дүниеде емес, Қияметте болады. Дүниеқоңыздар мол байлық пен құдіретті өздерінің сәттілігі мен бақытының белгісі санайды. Алайда өмір тез өтеді. О дүниеде жалған қуушылар мен азғындардың қолы бос болады.

  

"Ғафир" сүресінің 79-81-аяттарына құлақ түріңіздер:

«اللَّـهُ الَّذِی جَعَلَ لَکُمُ الْأَنْعَامَ لِتَرْکَبُوا مِنْهَا وَمِنْهَا تَأْکُلُونَ»، «وَلَکُمْ فِیهَا مَنَافِعُ وَلِتَبْلُغُوا عَلَیْهَا حَاجَةً فِی صُدُورِکُمْ وَعَلَیْهَا وَعَلَى الْفُلْکِ تُحْمَلُونَ»، «وَیُرِیکُمْ آیَاتِهِ فَأَیَّ آیَاتِ اللَّـهِ تُنکِرُونَ»

 

Аяттардың аудармасы:  Ол сондай Алла, Сендер үшін малдарды жаратты. Кейбірін мінесіңдер де, кейбірін жейсіңдер. (79) Оларда сендерге түрлі пайдалар бар. Олардың үстінде көңілдеріңдегі қажетті жерге жетулерің үшін; оларға мініп және кемеде тасымалданасыңдар. (80) Алла сендерге белгілерін көрсетеді. Ал сонда Алланың қайсы белгілеріне қарсы келесіңдер? (81)

   

Бұл сүреде Алланың адамға берген нығметтері санамаланып, күпірліктен сақтануға және бір Аллаға табынуға шақырылады. Аяттарда жануарлардың нығметі және адамның оларды пайдалануы жайлы айтылған. Алла тағала кейбір жануарларды сендер, яғни адамдар пайдалану үшін жаратты. Шын мәнінде бұл Алланың сиыр, қой мен түйе сияқты жануарларды ет үшін союға рұқсат бергенін көрсетеді. Болмаса, адамға бейкүнә жануарлардың жанын алуға рұқсат етілмеген болар еді.  

Жануарлардың етін жеумен қоса, түйе сияқты кейбір жануарлар шөл далада адам мінуі үшін жаралған. Бір қызығы, бүгінде әуе және құрлықта жүретін түрлі жаңа көліктер жасалғанына қарамастан, әлі күнге дейін кейбір жануарлар  шөлден немесе тар әрі ауыр таулы өткелдерден өту үшін ең жақсы көлік саналады.

Қалай болғанда да, бұл жануарлардың адамға көніп, қызмет етіп, жүк тасығанының өзі – Алланың адамға рақым еткенінің бір белгісі. Жерде жануарларды, теңізде кемені пайдалану – адам үшін пайдалы нығмет.

Жануарлардың адамға тағы бірнеше пайдасы бар. Мысалы, адам олардың сүті, жүні, терісі және тағы басқа бөліктерін пайдаланады. Олардан бөлек серуен мен сапар сияқты жеке мақсаттарда пайдаланады. Бұл жануарлар құрлықта саяхаттау үшін қолданылады. Бірақ тура осы аяттарда кемемен жүзу туралы да айтылған. Яғни Алла тағала құрлық пен теңізде саяхаттап, жүк тасып, мақсаттарына оңай жету үшін адамдарға  көлік берді.

Осы аяттардың соңында былай делінген: Алла тағала әрдайым сендерге қай жерге қарасаңдар да, Оның белгілерін ашық та айқын көре алатындай етті. Оның аяттары мен белгілері баршаға аян болса да, неге бір топ оны теріске шығару жолын таңдайды? Шындық мынада: адам Алланың нығметтеріне шүкір етпейді. Түрлі сылтау тауып, Алланың аяттарын теріске шығаруды көздейді.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Жер мен ондағы нәрселердің бәрі адам үшін жаралған. Алла тағала адамға оларды пайдалануға рұқсат берді.
  2. Жануарлардың физикалық күші адамнан көбірек болса да, Алла тағала оларды адамға көндірді. Бұл – Алланың адамға берген рақымы.
  3. Шүкірсіздік – адамдардың жалпы ерекшелігі. Олар Алланың нығметін пайдаланады, бірақ нығмет иесін теріске шығарып, Оның бұйрықтарына мойынұсынғысы келмейді.

 

Бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.

Тегтер