Қаң 04, 2020 10:03 Asia/Almaty
  • 2019 жылдағы Орта Азия оқиғалары

2019 жылдың соңында өткен бір жылда Орта Азияда болған ең маңызды оқиғаларға шолу жасаймыз.

 

2019 жылы Орта Азияда көптеген сайлау өтіп, саяси тұлғалар қызметтен шеттетіліп, отставкаға кетті. Өткен бір жылы Орта Азияда болған ең маңызды оқиғаларды назарларыңызға ұсынамыз.

2019 жылы Өзбекстанда 5 партияның қатысуымен парламенттік сайлау өтті. Сайлауда Либерал-демократиялық партия үкіметті қолдап отырған басты партия ретінде, Ұлттық демократиялық қайта жаңғыру партиясы, Халықтық демократиялық партия, Социал-демократиялық партия және Өзбекстанның қоршаған ортаны қорғау қозғалысы ел Парламентіндегі 150 орынға ие болу үшін бәсекеге түсті. 

Бұл Шавкат Мирзиеевтің президенттік кезеңіндегі бірінші парламенттік сайлау болды. Өзбекстан 33 млн-ға жуық халқымен зайырлы саяси жүйеге ие. Халықтың басым бөлігі мұсылман. 20 млн азамат дауыс беруге құқылы.  

Өзбекстанның парламенттік сайлауындағы көңіл аударуға тұрарлық нәрсе – Парламентте жаңа партияның пайда болуы. Парламенттің өткен шақырылымында Экологиялық партияда 15 орын болған. Оның мақсаты қоршаған ортаны қорғау.

Бұл партия 2017 жылдың желтоқсан айында Парламентте өз жұмысын бастағанын жариялады. Шавкат Мирзиеев жобалаған партияның жұмысын бастауы осы ел Парламентінде экологиялық қозғалыстың белсенді жұмыс атқаруы үшін қажет болған сыңайлы. Шавкат Мирзиеев 2017 жылдың 22 желтоқсанында Өзбекстан экологиялық қозғалысының  ел Парламентінде белсенді жұмыс атқаруын талап еткен болатын. Айта кету керек, осы күнге дейін бұл елде тек 4 партия – Халықтық демократиялық партия, "Әділет" социал-демократиялық партиясы, Ұлттың қайта жаңғыру партиясы мен Либерал-демократиялық партия белсенді болды.

Өзбекстандағы сайлауға қатысты мына жайтты атап өту керек: бұл сайлауда елдегі сыни көзқарастарды жеткізетін партиялар болмады. Экологиялық партия да бұйрық бойынша құрылған. Бұған қарамастан, Өзбекстан қоғамы жуық арада Шавкат Мирзиеев жасаған реформалардың нәтижелерін көре ала ма, әлде ел Президенті бұрынғы бағытты баяғыдай жалғастыра ма,  жоқ па байқау керек.

2019 жылы  Гүлнар Каримова бұрынғыдай түрлі мәселелер бойынша сотқа тартылды. Ол 2017 жылы ақша жымқыру, бопсалау, салықтан қашу сияқты айыптармен үй қамауына алынған болатын. Өзбекстан Бас прокуратурасының мәлімдеуі бойынша, осы елдің экс-президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнар  Каримованы бас бостандығынан айыру үкімі оның үй қамауы шартын бұзғаннан кейін шығарылды.

Гүлнар  Каримованың қызы Айман Бас прокуратура қызметкерлерінің үйге басып-кіріп, анасын тұтқындап, түрмеге алып кеткенін айтты. Өзбекстан басшылары, сондай-ақ, Каримованың әртүрлі елдердегі, соның ішінде  Швейцария, Ұлыбритания мен Франциядағы мүліктерін бұғаттауды көздеп отыр.  

Гүлнар  Каримова – Өзбекстанды 27 жыл басқарып, 2016 жылы қайтыс болған Ислам Каримовтың қызы.

Өзбекстан Шавкат Мирзиеев билік басына келгеннен кейін  жемқорлықпен күресу үшін ауқымды шаралар бастады. Соның ішінде Сот органы тәуелсіздігінің артуы, қазылардың жұмыс істеу жағдайының жақсаруы және әртүрлі билік органдары жұмысының ашықтығының артуын айтуға болады. Алайда бұл елде жемқорлықпен күресу оңай емес, өйткені биліктің көптеген тармақтары Кеңес Одағы заманында ұзақ уақыт бойы әкімшілік сыбайлас жемқорлықпен ластанған. Мұны түзеу үшін шара қолданылмаған. Бұл құрылымдар саяси жүйенің ауқымды бөлігін жемқорлыққа араластырып жіберген. Олармен күресу көптеген ескі құрылымдармен, Өзбекстанның саяси құрылымындағы ықпалды адамдармен күресуді қажет етеді.

Экономика саласында Өзбекстан әлемде алтын сату бойынша рекорд жасады.     


World Gold Council-дің хабарлауынша, Өзбекстан 2019 жылдың алғашқы 3 айында 6,2 тонна алтын сатып, әлемдегі ең ірі алтын сатушы атағына ие болды.

Өзбекстан Орталық банкінің хабарлауынша,  бұл ел 2019 жылдың соңына дейін 80 тонна алтын өндіріп, сатады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 тоннаға артық.

World Gold Council-дің есебі бойынша, Моңғолия 3,4 тонна, Тәжікстан 1 тонна алтын сатып, әлем бойынша екінші және үшінші орындарда тұр.

Осы арада Ресей 2019 жылдың алғашқы 3 айында 55,3 тонна алтын сатып алып, әлемде алтын сатып алушы басты ел атанды. Алтын сатып алуда екінші және үшінші орындарды Түркия 40 тоннамен, Қытай 33 тоннамен алып отыр.  

Осы аймақтың келесі оқиғасында Қазақстанның Энергетика министрі бұл елдің "Өзбекмұнайгаз" компаниясымен Өзбекстанға бензин экспорттау туралы келіссөз өткізгенін хабарлады.

Қанат Бозымбаев Астанада келіссөзден кейін сөйлеген сөзінде: "Қазақстан Өзбекстан, Ауғанстан мен Тәжікстанның нарықтарына шығуға мүдделі",-деді.

Қазақстанның Энергетика министрі, сондай-ақ, 2018 жылдың желтоқсан айында да осы елдің бензинін 2019 жылдың ақпанынан бастап Қырғызстанға экспорттау ықтималын хабарлаған болатын. Қазақстан жуырда өзінің үш мұнай өңдеу зауытын қайта жөндеуден өткізді.  

Қазақстан мен Өзбекстан өткен жыл барысында өзара экономикалық ынтымақтастықты дамытуға шындай кіріскен сияқты. Екі ел арасында экономикалық әріптестік саласында көптеген жоба алмасу болды. Солардың арасында екі елдің шекарасында халықаралық сауда орталығын ашу жобасына тоқталуға болады.  

Қазақстанның Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев осы жоба туралы Қазақстан мен Өзбекстанның екі елдің шекаралық аймағында "Орта Азия" халықаралық сауда-экономикалық орталығын ашуға келіскенін мәлімдеді. Ол жобаның орындалу мезгіліне тоқталмастан, халықаралық сауда орталығын салуға 5 жер қарастырылып жатқанын айтты.

 

Өзбекстан Қаржы министрлігі бір мәлімдемеде елінің 2020 жылдың басында Қытай үкіметіне қарызының 3 млрд 600 мың долларға жететінін хабарлады.

2015 жылдың қаңтар айынан бастап 2019 жылдың қаңтарына дейін Өзбекстан үкіметінің Қытайға қарызы жыл сайын тұрақты түрде 200-300 млн долларға өсіп отырған. Сондықтан  1 млрд 55 млн доллардан 1 млрд 964 млн долларға жетті. 

Өзбекстан  инвестиция мен халықаралық қаржы көздерін тарту арқылы өзінің экономикалық үдерісіне қозғау салуға талпынып жатыр. Бұған қарамастан осы қаражаттың басым бөлігі халықаралық және шетелдік несиелер түрінде осы елдің ықтиярына беріледі. Сондықтан бұл Өзбекстанның шетелге қарызының арта түсуіне себеп болып отыр.

Шетелдік несиелер – қаржы көздерін тартудың ең қарапайым жолы. Бірақ мұндай жағдайда Өзбекстан экономикасы келешекте шетелдік қарыздың артуы мен ұлттық ақша мен шетелдік валюталар арасындағы бағам айырмашылығынан туындайтын тұрақсыздық қатеріне ұшырауы мүмкін. Бұл мәселе инфляция мен экономикалық тұрақсыздықты арттырады.

 

Бүгінгі бағдарламаның жалғасында Тәжікстанның өткен жылғы ең маңызды оқиғаларына тоқталамыз.

2019 жылы Тәжікстанда болған ең маңызды оқиға деп ДАИШ лаңкестік тобының осы елдің Өзбекстанмен шекаралық ауданына жасаған шабуылын атауға болады. Бұл шабуыл 10-нан аса адам, соның ішінде  ДАИШ лаңкестерінің бірқатарының қаза табуына себеп болды.  

Тәжікстан бұдан бұрын лаңкестік топтардың аймақта таралу қатерінің артуына қатысты бірнеше рет ескерту жасаған болатын. 2019 жылдың ортасында Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекаралық қызметі басшысының орынбасары Абдулла Абдулсаттар: "Қылмыстық және лаңкестік топтар мен есірткі заттарын контрабандалаушылардың Тәжікстан жеріне Ауғанстан арқылы кіру ықтималы артып келеді",-деді.

Басқа жағынан Тәжікстанның өз азаматтары да аймақтағы лаңкестік топтарға мүше болды. Тәжікстан өткен жылы Сириядағы лаңкестік топтарға қосылған өз азаматтарын, соның ішінде әйелдерді елге қайтаруға талпыныс жасады. Бұдан бұрын хабарланғандай, БҰҰ-ның Сириядағы босқындар қосындарында 575 тәжікстандық әйел мен бала бар.

Осыған орай, Тәжікстанның Кувейт пен Ирактағы елшісі Дамаскқа сапар шегіп, Сирия Сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездесті. Осы сапардың нәтижесінде Тәжікстан тәжік балаларды Ирактан елге қайтарды. Алайда 40-тан аса тәжік әйел лаңкестік топтарға мүше болды деген айыппен Бағдадта сотталып, Ирактың түрмелерінде жатыр.  

Орта Азия елдері, соның ішінде Тәжікстан өткен жылдары әрдайым аймақтық деңгейде лаңкестік пен экстремизмнің таралуына алаңдаумен болды. Өйткені тарихи тәжірибелерді назарға алсақ, бұл елдің азаматтары экстремизмге ұрынуға бейім.

Тәжікстан шекараларына қатысты келесі бір хабар бойынша өткен жылы Қырғызстан мен Тәжікстан күштері арасындағы шекаралық қайшылықта Тәжікстанның бір азаматы қаза тапқан.  

Қырғызстан басшылығы 30 мың тәжік өмір сүретін Ферғана сайында жол салу жобасын қайта қолға алуға талпыныс жасағаннан кейін осы қайшылық басталған көрінеді.  

Сонымен қатар, бұл жылы Өзбекстан мен Тәжікстан өкілдері Душанбеде екі елдің шекаралық жағдайын талқылау тақырыбында  отырыс өткізді.

Өзбекстан мен Тәжікстанда 1333 км ортақ шекара бар. Қазіргі таңда бұл екі елде 60 км шекараға қатысты қайшылық туындап отыр. Осы отырыста Өзбекстан мен Тәжікстан басшылары екі елдің шекараларын белгілеуде құқықтық-техникалық құжаттарды тапсырып, оның ортақ комиссияда бекітілуіне келісті.

 

2019 жыл Қырғызстанның бұрынғы басшысы Алмазбек Атамбаев үшін жақсы жыл болмады. Елдің қауіпсіздік күштері мен Атамбаевтың жақтастары арасындағы қақтығыстан кейін ол "жемқорлық жасады және билікті теріс пайдаланды" деген айыппен ұсталды.

2011-ден 2017 жылға дейін Қырғызстанда билік етіп, қазіргі Президент Сооронбай Жээнбековтың демеушілерінің бірі болған Алмазбек Атамбаевты біраз уақыттан бері саяси алаңнан қуу әрекеттері жасалуда. Ел Парламенті оның саяси иммунитетін жойды.

Ол қамауға алынғаннан кейін елдің қазіргі Президентіне қарсы төңкеріс жоспарлады деп айыпталды.  Қаржылық жемқорлық жасады деп те айыпталған Атамбаев бұл айыптарды теріске шығарып, Сооронбай Жээнбековпен жеке қайшылығының құрбаны болғанын айтты. Алайда Атамбаевтың қиындықтары мұнымен бітпеді. Қырғызстанның Ішкі істер министрі Қашқар Джунушалиев бір сұхбатында оқиға орнын тексеру нәтижелері Қырғызстанның арнайы күштері басшысының орынбасары Үсен Ниязбековтың Алмазбек Атамбаевқа тиесілі қарумен өлтірілгенін көрсеткенін мәлімдеді. Бірақ Атамбаевтың атылған оққа жауаптылығы әлі белгісіз.

Бұдан бұрын Қырғызстанның бұрынғы Премьер-министрі Сапар Исааковқа да жемқорлық айыбы тағылып, 15 жыл түрмеге қамалды.

 

Бағдарламаның жалғасында Түркіменстанның 2019 жылғы ең маңызды оқиғаларына шолу жасаймыз. Орта Азия елдері басшыларының сәтсіздігі сияқты 2019 жылы Түркіменстанда да саяси өзгерістер ең маңызды жаңалықтардың бірі болды.

Осы орайда Түркіменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхаммедов елдің Ішкі істер министрі Ескендір Маликовты қызметінен босатып, оны мемлекеттік және әскери барлық белгілерінен айырды. Қауіпсіздік күштері оны қамауға алды. Түркіменстан Президенті полковник Мұхаммеджан Чакиевті жаңа Ішкі істер министрі қызметіне тағайындады.

Сонымен қатар, Ескендір Маликовты қамауға алғаннан кейін Түркіменстан полициясы бұрынғы Ішкі істер министрінің мал-мүлкі мен активтерін, соның ішінде зәулім үйлері, көліктері, қымбат зергерлік бұйымдары мен қолма-қол ақшасын анықтап, тәркіледі.

Қырғызстан мен Түркіменстан өзара сауда қатынасынан долларды алып тастауды талқылады.

Осы орайда Александр Дадаев Бішкекте Қырғызстан мен Түркіменстанның үкіметаралық комиссиясының отырысы аясында екіжақты сауда қатынасынан долларды алып тастау ұсынысын талқылады.

Александр Дадаев: "Қырғызстан мен Түркіменстан арасындағы сауда қатынасы екі елдің ұлттық валюталарын пайдалану арқылы жүзеге асуы тиіс. Мұндай әріптестікке барлық жағдай жасалған",-деді.

2019 жылы Оңтүстік Корея мен Түркіменстан 8 салада ортақ келісімге қол қойды.

Дипломаттар мен кейбір мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін визаны алып тастау, екіжақты салықтың алдын алу және салық төлеуден қашу туралы келісім, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісім Түркіменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхаммедов пен Оңтүстік Корея Президенті Мун Чже Ин Ашхабад қаласындағы кездесу соңында қол қойған құжаттардың қатарына жатады.

Түркіменстан мен Оңтүстік Кореяның 2019-2020 жылдардағы экономика және ақпараттық технологиялар саласындағы үкіметаралық әріптестігі, медициналық мекемелердің қызметкерлері, дәрі-дәрмек пен гигиеналық құралдармен алмасу саласында әріптестік жасау келісімдері де екі ел арасында қол қойылған құжаттардың қатарын құрады.

Бұл келісімдер екі ел арасында саяси және сауда белсенділіктерін жеңілдетуде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, бұл Түркіменстан мен Оңтүстік Корея арасында экономика мен медицинаның түрлі салаларында тәжірибемен алмасуға септігін тигізе алады.

 

Бағдарламаның жалғасында 2019 жылы Қазақстанда болған саяси өзгерістерге тоқталамыз.  

2019 жылдың басында Қазақстанның Министрлер кабинеті отставкаға кетті. Отставкадан бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Президенті мен Конституцияны сақтаушы ретінде халықтың мүдделерін назарға алып, Министрлер кабинетінің отставкаға кетуі қажеттігін айтты.

Қазақстан Президенті осы ел Министрлер кабинетінің мүшелерін халықтың әл-ауқатын жақсартуда сәтсіз болғаны үшін сынға алды.

Бұл өзгерістер халықтың наразылықтарына жауап ретінде қоғамдық жағдайды өзгерте алмау салдарынан орын алды. Бірақ куәлер көрсеткендей, мұндай үкіметішілік алмасулар жағдайды түбегейлі өзгертуге қауқарсыз. Тек қысқа мерзімде сындарға жауап ретінде қолданыла алады.

Министрлер кабинеті отставкаға кеткеннен 2 ай өткенде шерушілер Қазақстанда өтетін президенттік сайлауға бойкот жариялауды талап етті. Назарбаев наурыз айында 28 жылдық ел басқарудан кейін билік басынан кетті. Бұл Қазақстанда мезгілінен бұрын сайлаудың өтуіне себеп болды. Осы сайлау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңа Президенті болып сайланды.   

 

Тегтер

Сараптама