Ақп 07, 2020 01:55 Asia/Almaty

Швециялық ойшыл әрі тілші Ахмет Хубер: "Имам Хомейни (р.) біздің заманымыздағы барлық монотеистерді оятты. Материалдық дүниелер мен құралдар, руханиятқа қарсы идеологиялар адамзат қоғамын темір құрсауына алған шақта дін мен руханилықтың қайта жаңғыруы имам Хомейни (р.) мен оның революцияшыл серіктеріне қарыздар".

1979 жылдың ақпан айында Иран Ислам революциясының жеңіске жетуі озбыр Пехлеви үкіметінің құлауына ғана алып келген жоқ, елден тыс жерлерге де көп әсер етті. Осы әсерлердің ең маңыздысы – руханилықтың таралуы, исламның қайта жандануы және илаһи дінге бетбұрыстың артуы болды. Осы ұлы илаһи қозғалыс орын алғаннан кейін  әлемнің түкпір-түкпірінде дін мен руханилыққа бет бұру арта түсті. Ислам үлемі әрі рухани жетекші саналған имам Хомейни (р.) революцияны ислам жолына бағыттауда және нағыз революциялық исламның таралуында басты рөл атқарып, көптеген мұсылман еместердің де назарына алынды. Олар да исламды өздерінің діні етіп таңдады. Басқа жағынан әртүрлі елдердегі мұсылмандардың көбі  имам Хомейнидің (р.) рухани тұлғасы мен революциялық рухына қызығып, имам таратқан шынайы исламға бет бұрды. Швециялық ойшыл әрі тілші Ахмет Хубер: "Имам Хомейни (р.) біздің заманымыздағы барлық монотеистерді оятты. Материалдық дүниелер мен құралдар, руханиятқа қарсы идеологиялар адамзат қоғамын темір құрсауына алған шақта дін мен руханилықтың қайта жаңғыруы имам Хомейни (р.) мен оның революцияшыл серіктеріне қарыздар". Бірқатар адамның Ислам революциясының құндылықтары мен ұлы жетекшісіне қалай көңілдері ауып, бет бұрғандарын баяндауы осы қозғалыстың таңғажайып рухани әсерін  белгілі бір деңгейінде көрсете алады.

Имам Хомейни (р.) Нофль-ле-Шатода

Имам Хомейни (р.) Ирактың Баас режимінің қысымдары салдарынан бұл елден кетуе мәжбір болып, 1978 жылдың 6 қазанында Париждің маңындағы Нофль-ле-Шато ауылында 4 ай тұрған. Бұл аралықта ол сұхбат беріп, мәлімдемелер жасап, көптеген кездесулер өткізіп, Ислам революциясының болмысы мен мақсаттарын баршаға түсіндіріп, оның жеңіске жету үдерісін жылдамдатты. Осы аралықта Нофль-ле-Шато тұрғындарының көбі және Францияның басқа жерлерінің азаматтары да имамға қызыға қараған. Солардың бірі – Махраза Лааб атты ханым. Имам Хомейнимен (р.) қысқа кездесіп, оның илаһи-рухани тартымдылығын сезіну осы француз әйелді өзгертіп жіберді. Рухани өзгерістің арқасында ол имам таныстырған ислам жайлы ойланып, зерттеуге  кіріскен. Және қысқа уақыттың ішінде осы нұрлы жолдың дұрыстығына көзі жеткен. Бай әрі жігері мол Махраза ханымның жаңа ойлары оның күйеуі мен балаларына әсер етіп, олар да Құран мен Алла елшісінің Аһл-е бейтінің тағылымдары мен құндылықтарын өздерінің өмір салты ретінде қабылдады. Ол Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін имам Хомейнимен (р.) тағы екі рет кездескен. Солардың бірінде имамның қолтаңбасы бар Құран кітабын сыйға алған.  Лааб ханымның немересі Нафиса әжесінің мінез-құлқы жайында: "Әжемнің мінезі сондай тартымды еді. Ол кісімен сөйлескен әрбір адам өзінен-өзі  оның махзабы мен ұстанған жолы жайлы сұрайтын және исламға қызығып қалатын. Әжемнің имамдарға деген махаббаты жанұя мүшелері мен туған-туыстың түгел ислам дініне және оның шиіттік тармағына бет бұруына себеп болды. Мұның барлығы – имамдардың тілектестігінің арқасы",-деген.

Махраза Лааб ханым

Бір революцияшыл мұсылманға айналған Махраза Лааб өзі ұққан ақиқатты басқаларға жеткізуді міндет санаған. Сол себепті  Аллаға тәуекел етіп, күйеуі мен достарының қолдауымен және мал-мүлкін пайдаланып, Францияда Ислам пайғамбарының Аһл-е бейті мен Ислам революциясын таныту үші үгіт-насихат жұмыстарын бастап, осы жолда көптеген жетістіктерге жетті. Ол көптеген мешіттер мен исламдық орталықтар ашып, Францияда шынайы ислам мен руханилықтың таралуына үлес қосуға талпынды. Бұл француз әйелдің үгіт-насихат жұмыстары біртіндеп Франция үкіметінің назарына ілікті. Сөйтіп, ол жалған айыппен ұсталып, түрмеге қамалды. Бірақ ол түрмеде де басқа тұтқындардың көзін ашып, жетекшілік жасауға кірісіп, оларға ислам, Құран мен Ислам пайғамбарының Аһл-е бейтін таныстырды. Ол сондай-ақ,  Имам Хомейнидің (р.) суреттерін жеке камераның қабырғаларына жабыстырып, оның Иранда шынайы ислам үкіметін құру туралы биік мақсаттарын түсіндірумен айналысқан. Франция полициясы мұндай жағдайды көріп, Лааб ханымның түрмеде қалуы оның сыртта жүргенінен қауіптірек екенін мойындап, оны босатып, сырттай бақылауға алды. Бұған қарамастан, Махраза Лааб бұрынғыдай діни-революциялық белсенділіктерін жалғастырып, ақырында 2015 жылдың соңғы күндерінің бірінде байлығынан аса ештеңе қалмаған жағдайда дүниеден озды.

Имам Хомейнидің (р.) халықтық және исламдық қозғалысы Италия жастарының назарын өзіне аударды. Роберто Аркадий Құдай және әлемнің жаратылысы туралы сауалдарына жауап іздеу барысында әртүрлі илаһи діндер мен мектептер жайлы оқып, жауап таба алмаған. Алайда имам Хомейнидің(р.) тартымды тұлғасымен танысу оның өмір жолын өзгертті. Ол: "Бір рет имам Хомейниді (р.) теледидардан көрдім. Бұл ұлы адамның айбыны, беріктігі мен мығымдығы мені таң қалдырды. "Бұл кім? Қайдан келді? Бұл адамның әлемге батыл қарсы шыға алуының сыры неде?" деген сұрақтар туды. Ол кісіге қызыға да, таңдана да қарадым. Сол себепті имам туралы көбірек білу үшін ислам мен Ислам революциясы жайында зерттей бастадым. Аһл-е бейтті сүйетін бір шағын топпен таныстым. Кейін Миланда тұратын ирандықтармен байланыс орнаттым. Ақырында имам Заманның (ғ.) туған күнінде бір досым мені Ирандықтардың исламдық орталығына алып барды. Сол жерді шаһадат сөздерін айтып, шиіт мазхабын қабылдадым",-деді. Имам Хомейни (р.) тұлғасының Робертоға әсер еткені соншалықты, ол есімін өзгертіп, өзін имаммен аттас қылып, "Рухолла" деп атап, имам Хомейнидің (р.) философиялық және сопылық ойларын терең зерттеуге кірісті. Ол осы рухани тұлға жайлы: "Имам жан-жақты тұлға, барлық салаларда білгір адам болған. Бұл бір илаһи дәріс. Халықпен байланысы мықты еді, өйткені оның өзі Алла тарапынан берілген нығмет болатын",-дейді.

Шейх Ибраһим Закзаки

Имам Хомейнидің (р.) Иранға келмес бұрын Парижде берген көптеген сұхбаттары Ислам революциясының болмысы мен мақсаттарын таныстыруда айтарлықтай рөл ойнады. Осындай сұхбаттардың бірі Ибраһим Закзакидің қолына жеткен. Ол кезде Закзаки Нигерияда экономика мамандығы бойынша оқып жатқан болатын. Нигерияда ислам үкіметінің құрылуын аңсаған ол имам Хомейнидің (р.) де Иранда ислам үкіметін құруды көздейтінін түсінгенде оған қатты қызығып қалады. Ибраһим Закзаки Иран Ислам революциясының жетекшісін таныстыру үшін оның бірқатар сұхбаттарын жинастырып, студенттер арасында таратқан. Закзаки мен оның достарының Имам Хомейни (р.) мен Иран халқының исламдық қозғалысына қызыққаны соншалықты, Ислам революциясы жеңіске жеткен күнінің жылдығында Иранға келіп, Имам Хомейнимен(р.) кездескен. Жиналыс біткеннен кейін Закзаки имамнан Нигерия халқына жолдау жіберуін сұрайды. Имам оған Құран кітабын беріп: "Менің сәлемімді Нигерия халқына жеткізіңіздер. Хомейнидің бүкіл сөзі осы Құраннан алынған деп айтыңдар. Біз Құранның тағылымдарын өз елімізде орнатуға және басқаларға өз елдерінде орнатуына көмектесуге келдік",-деген. Имам Хомейнидің (р.) әсерлі тұлғасы мен дана сөздері Закзакиге қатты әсер еткені соншалықты, ол еліне қайтарда Құран кітабын қолына алып, жылап тұрып: "Мен бұл кісінің жүзінен Мұсаны көрдім, Исаны көрдім, Ибраһим Халилулланы көрдім, Мұхаммед Расуллолланы көрдім. Бұдан былай менің дінім – Хомейнидің діні",-деген. Ол Нигерия халқын имам Хомейнидің (р.) ағартушы ойларымен таныстыруға бел байлайды. Оның талпыныстарының арқасында 15 млн-нан аса адам шынайы ислам мен Аһл-е бейттің мазхабына бет бұрды. Әрине, шейх Ибраһим Закзаки бұл мақсатқа жету жолында талай рет түрмеге қамалды, үш баласы шәһид болды. Ал қазір әйелімен екеуі түрмеде өте нашар жағдайда жатыр.  

Марқұм француз философы әрі ойшылы Роже Гароди Иран Ислам революциясының ұлы жетекшісінің нұрлы тұлғасы мен биік ойларынан әсер алған. Бір кездері Франциядағы коммунистік партияның теоретигі болған ол ислам дініне бет бұрып, осы революция мен оның жетекшісі туралы: "Имам Хомейни (р.) бастаған Иран Ислам революциясы исламның шынайы мәдениеті мен өркениетін ала келді, әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған мұсылманның жүрегіне үміт отын жағып, исламның қайта жанданып, ислам әлемінің байырғы салтанатының қайтарылуына себеп болды",-деген.  

Тегтер

Сараптама