Сәу 30, 2020 16:14 Asia/Almaty
  • Рамазан айы – коронавирус қаупін ғибадатқа айналдыруға берілген мұрсат

Хаменеи: «Биылғы Рамазан айында қоғамдық жиындар өткізілмесе де, оқшауда ғибадат етіп, құлшылық етуден қапыл қалмаңыздар. Біз өз бөлмемізде, оқшау жерде, жанұя ортасында, бала-шаға жанында сол мағына мен сол көңіл мен сол құлшылықты тудыра аламыз».

 

Рақымшылық, береке, кешірім мен таным айы қасиетті Рамазан – Құдайдың айы келіп жетті. Мұсылмандар рухани қайнар көзден нәр алып, өздерін мейірімді де кешірімді Аллаға одан ары жақындату үшін бұл айды жыл сайын күтеді. Осы қадірлі айдың арқасында Алланың рух сыйлар самал желі күнәларды тазартып, Оның рақымын жаю үшін есе бастады. Алайда биыл Рамазан айын өткен жылдардан бөлек жағдайда қарсы алдық. Коронавирус бүкіл әлем елдеріне жайылып, миллиондаған адам вирус жұқтырып, өкінішке қарай, ондаған мың адам қаз тапты. Әлемде осы төтенше жағдай мемлекеттердің вирустың алдын алу және ауыздықтау үшін белгілі бір ережелерді енгізуіне себеп болды. Солардың маңыздысы – жиын өткізуге тыйым салу. Осылайша, мешіттер, хосейниелер, зиярат орындары мен басқа да діни орталықтар уақытша тоқтатылды. Осы қасиетті орындар Рамазан айында әрдайым әртүрлі шаралар өткізіп, ораза ұстаған мүміндердің қалың тобын қабылдайтын. Олар мешіттерде Құран оқуға жиналып, діни баяндамаларды тыңдап, дұға тілеп, мінәжат айту рәсімдеріне қатысқан. Діни жиындарда қалыптасатын рухани кеңістік – әсіресе Рамазан айында басқа діни бауырлар мен қарындастардың жанында Құдайға жақындау және рухани биіктеу факторларының бірі. Сол себепті исламда жамағат намазы, жұма намазы мен қажылық сияқты діни ғибадаттарға қатысу қажеттігі айтылған.

 

 

 

 

 

Алайда биыл мұсылмандардың көбі Рамазан айының жиындарына қатысудан мақұрым қалды. Дәрігерлердің кеңесіне сәйкес, коронавирустың таралуын тоқтату үшін көп уақыттарын үйде өткізуге талпынып жатыр. Мынадай сауал туындайды: мүміндердің осы рақым мен таным айында түрлі рухани шараларға қатыспауы олардың бұрынғыдай өз жүректерінде иман мен руханиятты арттыра алмауына себеп бола ма? Бұл сұрақтың жауабы анық. Өйткені Рамазан айындағы осынша береке мен нығмет Алланың еркімен беріліп жатыр. Ол Рамазан айының жылдың ең үздік айы болуына, рақым есіктерінің айқара ашық болуы мен пенделер дұғасының орындалуға жақынырақ болуына бұйрық берді. Сондықтан бұл қадірлі айдың есіктері рақым мен танымды іздеген және Алланың ризалығын көздеген адамдар үшін әрдайым ашық. Бұл руханиятқа толы берекелі  дастархан Рамазан айының соңына дейін жаюлы болады. Осы қадірлі айда Алланың рақымы әрдайым және кез келген жағдайда, әсіресе коронавирус діни жиындарды өткізуге кедергі болып отырған қазіргі жағдайда пенделерге көбірек беріледі. Бұрын да аурулар, соғыстар, табиғи апаттар, билеушілердің дінмен күрестері және басқа жағдайларда мешіттер мен басқа да ғибадат орталықтары белгілі бір уақытқа жабылып отырған, бірақ Алла әрдайым мұсылмандардың жүрегінде болып, Рамазан айында басқа кезден көбірек мүміндердің өміріндегі рухани биіктеуінен жақсы сезіледі.

Діни жиындардың Рамазан айының нығметтерін көбірек пайдалануға көмектесетінін естен шығаруға болмайды. Рамазан айында діни жиындардан мақұрым қалған мұсылмандар қазір басқа кезден көбірек мешіт мен зиярат орны сияқты қасиетті мекендерде бірге ғибадат етудің құндылығын түсіне бастады. Алайда коронавирус тудырған осы қолайсыз жағдайда Рамазан айын пайдалырақ өткізетін мұрсатқа айналдыра аламыз. Үкіметтер дәрігерлердің кеңесіне сәйкес адамдардың үйде көбірек қалуы және сыртқа шығу қажеттілігі азаюы үшін шаралар ойластырып жатыр. Бұл жағдайда биылғы Рамазан айында демалысымызды көбірек үйде өткіземіз деген сөз. Яғни ғибадатқа көбірек уақыт бөле аламыз. Егер өткен жылдары үйден тыс жерде жұмысымыз болып, басқа шаруалар атқарып жүріп, үйде Құдайға мінәжат пен ғибадат етуге, тіпті діни жиындарға қатысуға мұрсат таппасақ, қазір мұны атқаруға мүмкіндік туып отыр. Үйде отырған кезіңізде уақытыңызды жоспарлап, тиімді пайдаланып, өзіңіздің ғибадат ету бағдарламаңыз, соның ішінде Құран оқу, дұға жасау, намаз оқу, Құдайға табынып, сырласуды өте жақсы қалыпта орындай аласыз, осылайша діни жиындарға қатыса алмаудың өтеуін қайтара аласыз. Негізі мына жайтқа назар аударған маңызды: кейбір ғибадаттар, мысалы мұстахаб намаз оқу мен Құдаймен сырласу Рамазан айында оқшауда шын жүрекпен орындалуы тиіс. Биыл коронавирусқа шалдыққандардың жазылуы үшін дұға жасауды ұмытпауымыз керек. Басқа бір маңызды жайт, егер кейбір ғибадаттар жанұяның басқа мүшелерімен бірге жасалса, әсері көбірек болады және балалардың діни тәрбиесі мен туыстық байланысты нығайтуда аса маңызды. Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи: «Биылғы Рамазан айында қоғамдық жиындар өткізілмесе де, оқшауда ғибадат етіп, құлшылық етуден қапыл қалмаңыздар. Біз өз бөлмемізде, оқшау жерде, жанұя ортасында, бала-шаға жанында сол мағына мен сол көңіл мен сол құлшылықты тудыра аламыз», - дейді.  

Коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында Рамазан айында діни жиындар өткізілмейді

Басқа жағынан мына мәселені білу маңызды: мешіттің ең негізгі функциясы намаз бен басқа да ғибадаттар болса да, бұл қасиетті орындарда Алланың тағылымдарына қатысты тағы басқа да істер атқарылады. Мешіттерде орындалатын маңызды істердің бірі – мұқтаж жандарға көмек жинау. Әсіресе қасиетті Рамазан айында Құдай қолдайтын бұл іс арта түседі. Мүміндер Алланың осы құтты айда берекелі дастархан жайғанына шүкіршілік етіп, мұқтаж жандарға көмек қолдарын созады. Алайда биылғы Рамазан айында коронавирустың таралуы салдарынан туындаған шектеулер мен шығындарға байланысты адамдардың көбі қаржы-экономикалық тұрғыдан қолайсыз жағдайда қалып отырған кезде оларға халықтық көмекті арттыру керек. Исламда байлық пен дәулет адамның материалдық дүниелерге тәуелділік деңгейін анықтауға берілген Алланың сынағы екенін ескерсек, осы маңызды сынақтан сәтті шығудың айқын үлгілерінің бірі мұқтаж жандарға қаражат жұмсап, материалдық көмек беру екенін түсінеміз. Мұсылман бауырларды қаржыландыру оларға пайдалы болудан бұрын дәулетті адам үшін сауап іс болмақ, өйткені бұл айдағы істердің қайтарымы басқа кездерден әлдеқайда көбірек. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Рамазан айында садақа берген әрбір адамды Алла кешіреді»,-деген. Сондай-ақ, осы қадірлі айда ауызашар беруге кеңес берілген.  Оның сауабы оразамен бірдей саналады. Сондықтан коронавирус дағдарысы жағдайында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесудің маңыздылығы мен құны одан ары арта түседі. Аятолла Хаменеи осыдан бұрынырақ бір баяндамасында  коронавирустың таралуы салдарынан халық бетпе-бет келген қиындықтарға тоқталып: «Рамазан айы – қайырымдылық және жанпидалық айы, мұқтаждарға көмектесу айы. Елде мұқтаждар мен кедейлерге мүміндік көмек пен жанашырлық көрсету үшін ауқымды шара басталса, қандай жақсы болар еді. Нәтижесінде биыл адамдардың жадында жақсы естелік қалар еді»,-деді.  Сол кезден бастап мұқтаж жандарға бүкіл халық болып көмектесу үшін жан-жақты ерікті істер басталды. Осы берекелі айда Құдайдың мүмін пенделері мұқтаж бауырларға өткен жылдардан ауқымдырақ көмектесіп, мейірбандық пен жанпидалық танытады деп күтеміз.

 

 

Бір мешітте мұқтаж жандарға халық жинаған көмек сөмкелерін дайындау ісі

 

Биылғы Рамазан айы мұсылмандарға тағы бір сынақ жүктейді. Ислам бұйрықтарына сәйкес, ораза денсаулығына зарар келтіретін адамдар оны ұстамаса болады. Биылғы Рамазан айында кейбіреулер ораза ұстау коронавирусқа шалдығуға себеп болады деп ойлап, өздерін осы үлкен ғибадаттың сауабы мен сыйлығынан мақұрым қалдырып отыр. Иранның медицина академиясының басшысы доктор Әлиреза Маранди әртүрлі салалардағы дәрігерлердің пікірлерін оқығаннан кейін:  «Дені сау адамдардың ораза ұстауы коронавирусқа шалдығуға себеп болмайтыны былай тұрсын, дененің иммунды жүйесінің нығаюына септігін тигізеді»,-деп мәлімдеді. Сонымен қатар дәрігерлер психикалық жағдайы жақсы адамдардың ауруларға көбірек қарсы тұратынын, 6тіпті руханилыққа көп назар аударатын науқастардың да тезірек сауығып шығатынын дәлелдеді. Осылайша, Рамазан айындағы рухани жағдайдың дененің қорғаныс жүйесі қабілетінің артуына әсері зор болатыны анық.  Демек, биылғы Рамазан айында түрлі қызығушылықтардан бойымызды алшақ ұстап, оразаның берекесі мен сыйына бөленіп, осы илаһи сынақтан абыроймен өте аламыз.   

 

Тегтер